1 желтоқсанда Бішкекте "Ата Мекен" оппозициялық партиясының лидері Өмірбек Текебаевты ұрып кетті. Оның сөзінше, оқиға түс ауа қонақ үй ресторанында болған.
- Ірі денелі бір топ адам келе қалды. Кейін қарасақ 70-тей адам болған екен. "Тыныштықты неге бұзасыздар? ОСК маңында неге митингіге шығып жүрсіздер?" деді. Жауап беріп үлгермедім, ұрып жіберді. "Сыртқа шық, көлікке отырғызып бір жаққа алып кетіп, сөйлесеміз" деді. Басшысы "сайлау бітті, сендер жеңілдіңдер, біз жеңдік, мойындаңдар, жастарға жол беріңдер" деді.
Кейін жұрт жинала бастаған соң шабуылдағандар қашып кеткен.
- Күш қолданғандар 2-3 адам болды. Қалғандары еріп жүрді. Осы маңда милиция жүрсе де келмегенін баса айтқым келеді. Оларды шақырған соң 10-15 минуттан кейін келді, - деді Текебаев.
Саясаткер шабуылды саяси ісімен байланыстырып, оқиғаны "саяси террор" деп атады. Facebook қолданушысы Erlan Bekchoroevich оқиғадан үзінді жариялады.
Текебаев ішкі істер бөлімшесіне арыз жазатынын, оқиға орнында болған милицияларды, куәгерлерді, зардап шеккендерден жауап алуды талап ететінін айтты.
Өмірбек Текебаев – "Ата Мекен" партиясының лидері, парламентке алты рет депутат болып сайланған. 2005-2006 жылдары спикер болған. 28 қарашада өткен сайлауда партия тізімін бастап тұрған еді. Алдын ала нәтиже бойынша "Ата Мекен" партиясы 4 пайыз дауыс жинап, парламентке өтпей қалды.
"Ата Мекен" мен бірнеше партия сайлаудың болжамды нәтижесін мойындамайды. Олар Орталық сайлау комиссиясының алдында наразылыққа шығып, сайлау нәтижесін жоюды талап етті.
ПІКІРЛЕР