Accessibility links

"Мүгедектер құқығы тапталып жатыр". Бір топ адам ЕО-дан шенеуніктерге санкция салуды талап етті


Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдында Мүгедектер құқығының сақталуын талап етіп тұрған топ. Нұр-Сұлтан, 3 желтоқсан 2021 жыл.
Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдында Мүгедектер құқығының сақталуын талап етіп тұрған топ. Нұр-Сұлтан, 3 желтоқсан 2021 жыл.

3 желтоқсанда астанада бір топ адам Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдына барып, үш министр және қала әкіміне жеке санкция салуды талап етіп, петиция тапсырды. Олар елде мүгедектер құқығы сақталмайтынын және Қазақстанның мүгедектер құқығына байланысты халықаралық конвенция шарттарын орындамай отырғанын алға тартты.

– Біздің негізгі құқықтарымыз бұзылып жатыр. Соған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, ІІМ Ерлан Тұрғымбаев пен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов және қала әкімі Алтай Көлгіновке жеке санкция салуды сұрап отырмыз. Біздің білуімізше, бұл шенеуніктер мен министрлер мүгедектерді қуғындап, оларға өз құқықтарын талап етуіне мүмкіндік бермеу үшін бұйрық беретін сияқты. Мысалы, бүгін де бізге психологиялық қысым жасалды. Бірінші топтағы мүгедекпін. Таңертең ауладан көлікпен шығып келе жатқанда жәй киім киген бірнеше адам "үйде отыр, қайда барасың?" деп кәдімгідей бұйрық беретін сарында сөйледі. Шығуыма кедергі жасады, – деді наразылардың бірі Ермек Бекішев.

Мүгедектер құқығының сақталуын талап етіп тұрған азаматтардың бірі. Нұр-Сұлтан, 3 желтоқсан 2021 жыл.
Мүгедектер құқығының сақталуын талап етіп тұрған азаматтардың бірі. Нұр-Сұлтан, 3 желтоқсан 2021 жыл.

Журналист Махамбет Әбжан телеграм арнасында бірнеше адамның осы сияқты қысымға ұшырағанын жазды. Атап айтқанда, 2-топтағы мүгедек Махаббат Құсайынова есімді әйелге өзі тұрып жатқан жатақханада өрт болып жатқанын хабарлаған. Видеода жатақханаға өрт сөндірушілердің кіріп жатқаны көрінеді. Видеоны түсіріп тұрған адам "жатақханада өрт болып жатқанға ұқсамайды, мүмкін бұл бүгінгі акциямен байланысты шығар" деп топшылайды.

Шенеуніктерге санкция салу туралы петицияға ондаған адам қол қойған. Олар Еуропарламентке петиция өткізуге тырысқанмен ғимараттағы күзетшілер наразыларды ішке кіргізбеген. Кейін бір адамның кіріп, петицияны тапсырып шығуына мүмкіндік берілген.

Жиналғандар үкімет отставкасын да талап етті. Олардың арасында Көкшетау, Өскемен, Щучинск қалаларынан да келгендер болды.

3 желтоқсан – халықаралық мүгедектер күні. Атаулы күн қарсаңында Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны екі есе көбейтуге үндеген петицияға мыңдаған адам қол қойған. Петицияға қол қойғандар мемлекет БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі конвенциясын бекітіп, көп міндеттеме алғанымен қоғамда жағдай бұрынғыдан аса өзгеріп кеткен жоқ деп шағымданады.

Мүгедектігі бар адамдар мен олардың мүддесін қорғаушылар үкіметтен баспана, жәрдемақыны ұлғайту, инвотаксимен қамтамасыз ету, емдеу және курорт-санаторий орындарына жолдама және өзге көкейкесті мәселелерді шешуді талап етіп, наразылық акцияларына да жиі шығады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дерегінше, елде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспанаға мұқтаждар есебінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 47 мыңнан астам адам, сонымен бірге мүгедектігі бар бала асырап отырған 23 мыңнан артық отбасы бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG