Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп ұлтшыл болып бара ма? Ресейдің саяси ортасы Қазақстанда қазақ-орыс жанжалы болуы мүмкін дегенді неге жиі айта бастады? Мәскеу Нұр-Сұлтанда «русофобия атмосферасы» бар деп жағдайды әдейі ушықтырып жүр ме? Қазақстан мен Өзбекстанда сөз бостандығы неге тарылып барады? Жаңаөзен ақиқаты ашыла ма? Бұл аптада халықаралық басылымдар осы сауалдардың жауабын іздеді.
ҚАЗАҚ-ОРЫС ЖАНЖАЛЫ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Халықаралық басылымдар үшін Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы әлі де өзекті тақырып болып тұр. Мәселен, Jamestown қоры сарапшысы Пол Гоблдың жазуынша, Мәскеу Қазақстанда қазақтар мен азшылық өкілдері арасында жиілеп кеткен қақтығыстар енді қазақ пен орыс арасында да бола ма деп қауіп етеді. «Жағдайдың бұлайша өзгеруі елден орыстардың көптеп көшуін жеделдетіп, Мәскеу мен Нұр-Сұлтан қарым-қатынасын одан әрі шиеленістіре түсуі мүмкін» дейді сарапшы. Оның айтуынша, Ресейдің кей сарапшылары «орыстар мен орыстілділерді қазақ ұлтшылдығынан қорғау үшін Ресей Украинадағы сияқты Қазақстанға да араласуы керек деген ұсыныс айта бастаған».
Бұған қоса, автордың тұжырымы бойынша, Қазақстандағы орыстілділер және Ресейдегі орыстар Нұр-Сұлтан елдегі ұлтшыл топтарға қатаң шара қолданбай отырғандықтан, орыстарға зорлық-зомбылық жасалуы мүмкін деп қорқады. Оның үстіне, елдің ресми тұлғалары ұлтшылдықты қатаң сынағанымен, билік іс жүзінде оларға еркіндік беріп отыр деп санайтын сарапшы көп деп жазады автор.
Оның айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап Қазақстан билігіндегі адамдар «біртіндеп ұлтшыл болып барады», себебі «олар да Ресей басшылығы сияқты национализмді [халықты] жұмылдырудың тиімді құралы санайды. Олар Орталық Азиядағы елдің демографиясы өзгергендіктен де осылай істеп отыр».
Қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, елде этносаралық конфликт қаупі жоғары, бірақ оған ең алдымен «жер мен суға қолжетімділік» және «арасында жемқорлары бар шенеуніктердің бұл мәселелерді шешудегі олқылықтары» басты себеп болмақ.
Ал Гоблдың тұжырымы бойынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісе түсуі ел ішіндегі этносаралық ахуалға кесірін тигізіп, Мәскеудің де көршісіне килігуіне негіз болуы ықтимал. «Ресей астанасындағы сарапшылар Қазақстан билігінің ұлтшыл саясаты және орыс этносы өкілдеріне қысым Мәскеудің араласуына сылтау болуы мүмкін деп санайды. Мәскеу Украинаға араласқанда да осыны негізге алған. Қазақстанның мұндай әңгімеге байыппен қараудан басқа амалы жоқ».
Осы тұста Гобл Қазақстанның Түркиядан «Байрактар» пилотсыз ұшақтарын сатып алғанын мысалға келтіреді. «Кей қазақтар пилотсыз ұшатын аппараттарды өз елін Ресейден қорғаудың белгісі ретінде қарастырып, Қазақстанның өз ішінде орыс этносы өкілдеріне кәрін төгуі де ықтимал. Ал Мәскеудегі кейбіреулер мұны қазақ ұлтшылдығының белгісі деп түсініп, жағдай бақылаудан шығып кеткенше Мәскеу араласуы тиіс деуі мүмкін» деп жазады Jamestown.
ҚАЗАҚСТАН – ОРЫСТАР ЕҢ КӨП КЕТІП ЖАТҚАН ЕЛ
Ал Eurasia Review сайтының авторы Ақас Тәжуітов Қазақстаннан орыстардың үдере көшуі мәселесіне тоқталып, бұл үрдіске бір жағынан елде «русофобия атмосферасын қолдан жасап» отырған Ресейдің саяси элитасы, сарапшылары мен дипломаттары кінәлі деген ой айтады.
Ал Мәскеуді мұндай әрекетке баруға итермелеп отырған – «Кремльдің халықтың азаюы мен қартаюының жағымсыз салдарын бәсеңдетуге ұмтылысы». Осы мақсатта Мәскеу көршілес тәуелсіз мемлекеттерде тұрып жатқан орыстарды Ресейге көшуге ынталандырып отыр дейді автор. Ресей президенті Владимир Путиннің 2018 жылғы сайлау науқанында берген «уәделерінің» бірі де президенттік өкілетінің соңы – 2024 жылға дейін осы мәселені шешу болған. «Ресейліктер Путин мырзаның төртінші президенттік мерзімі тұсында өмір сүріп жатыр, бірақ оның көрсетер ештеңесі жоқ деуге де болады» дейді автор. Соңғы бір жылға жуық уақыттың өзінде Ресей халқы 1 миллиондай адамға азайған.
Автордың айтуынша, орыстардың Қазақстаннан көшуіне әсер етіп отырған басты факторлар – елдегі «русофобия» немесе тарихи отанға оралу ұмтысы емес. «Қазақтар – әлемдегі орыс тілінде ең көп сөйлейтін славян емес ұлт» деген тұжырымға тоқталған ол «Қазақстан лингвистикалық және мәдени тұрғыда біршама орыстанған ел болып қалғанымен, елде этностық тұрғыдан дерусификация болып жатыр» деген ой айтады.
Қарай отырыңыз: "Үңгірдегі ұлтшылдық". Тіл дауы, Ресей реакциясы, Абаевтың бағасы (Тамыз айы, 2021 жыл).
Автордың айтуынша, Қазақстан тек ТМД-да ғана емес, бұрынғы СССР аумағында да орыстар ең көп кетіп жатқан ел, ал Беларусь – керісінше орыстар ең аз көшіп жатқан ел.
Оның бір себебі – кетіп жатқандардың көбі Қазақстанда болашағым бұлдыр деп санайды. Орыс пен белорус бір-біріне ең жақын халықтар болғандықтан, орыстар менталдық тұрғыда Беларусьте өзін бөтен сезінбейді. Ал қазақ пен орыс арасындағы жағдай керісінше.
«Тіпті совет дәуірінің өзінде олардың арасында айқын шекара болған. Ол кезде орыстар негізінен ірі қалалар мен Солтүстік Қазақстанның астықты аудандарында тұрған. Ал қазақтар мал өсіретін аймақтарды қоныстанған».
Оның айтуынша, совет кезінде Қазақ ССР-ы негізіген «ресейлік (еуропалық) құрылым» болса, қазір бәрі өзгерген: «Мұндай жағдайда орыс тілінің өз позициясын сақтап, кеңейтуі орыстар өздерін қорғалған, қамқорлыққа алынған әрі қанағаттанған халық сезінуі үшін жеткілікті емес».
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЖУРНАЛИСТ БОЛУ ҚИЫНДАП БАРАДЫ
Global Voices-те жарық көрген мақаласында Орталық Азия бойынша маман Паоло Сорбелло Өзбекстан мен Қазақстанда «Тыйым салу, аңду және цензура журналистердің күнделікті мәселесіне айналды» деген қорытынды жасайды.
«Осы айда шетелік журналист Агнешка Пикулицканың Өзбекстанға кіруіне тыйым салынды, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі журналистер мен белсенділерді аңдыған, ал үкіметтер өз қалауынша цензура орнату үшін «мәліметтерді локализациялаудың» жаңа әдістерін қолдануға көшті».
Өзбекстан жайлы кітап жазып жүрген поляк журналисі Пикулцка бұл елде бірнеше жыл тұруға рұқсаты болғанына қарамастан, қазақ-өзбек шекарасынан өте алмай, бірнеше күн жатып, ақыры Түркияға ұшып кетуге мәжбүр болған. Бұл оқиғаның қарсаңында Өзбекстан журналиске бірнеше ай қысым жасаған.
Ал Қазақстанда тыңшы компьютерлік бағдарламалар мемлекет қолдауымен журналистер мен белсенділерді аңдып отыр деген күдік күшейген. Бұған биыл жаздағы Pegasus Papers деген атпен белгілі болған журналистік зерттеуден кейінгі оқиғалар себеп. Биыл шілдеде израильдік тыңшы бағдарламасының көмегімен көп елде түрлі адамдардың телефоны бақыланыпты деген хабар шыққан. Қазақстанда аңдылды деген адамдардың алғашқы тізімінде журналист Серікжан Мәулетбай да болды. Қазақстанда бұл тыңшы бағдарламасын мемлекеттің қолдауымен пайдаланған болуы мүмкін деген болжам айтылды.
23 қарашада Apple осы бағдарламаны әзірлеген израильдік NSO Group компаниясын сотқа берді. Сонымен бірге олар тыңшы бағдарламасының нысанасына ілінді деген адамдарға электрондық хат та жіберген. Сондай хаттың бірін Village Kazakhstan онлайн-журналының негізін қалаушы Айсана Әшім де алыпты. Онда «[мемлекет қолдауына сүйенген қаскөйлер] кім екеніңізді, немен айналысатыныңызды біліп, сізді де нысанаға алған болуы мүмкін» деп ескертілген. Автордың жазуынша, ондаған журналист пен белсенді Apple-дан сондай хат алғанын айтқан.
Мұның алдында Қазақстан ақпарат және қоғамдық келісім министрі "Қазақстан билігі Facebook желісінің ішкі жүйесіне кіріп, өзі "зиянды" деп тапқан контентті хабарлауға эксклюзив мүмкіндік алды" деп хабарлаған. Кейін компания бұл ақпаратты жоққа шығарып, Қазақстан үкіметімен эксклюзив келісім жоқ екенін, бұл жөніндегі саясаты барлық елге бірдей екенін мәлімдеді.
Сорбеллоның айтуынша, Қазақстанда сөз бостандығына қысым күшейіп жатыр деп айтуға негіз болған тағы бір жайт – бала құқықтарын қорғау заңына өзгеріс енгізу аясында әлеуметтік желі компанияларын Қазақстанда тіркелуге міндеттеу әрекеті.
«Бұрын интернет-алпауыттар контентті бақылау мен реттеудің мұндай шараларына қарсылық білдіріп келген. Бірақ жергілікті қитұрқы заңдар болашақта үлкен кедергі болуы мүмкін» дейді Сорбелло.
ЖАҢАӨЗЕН ШЫНДЫҒЫ АШЫЛДЫ МА?
«Қантөгіс болғалы он жыл өтті, әділдік орнады ма?» Diplomat 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты осындай сауал тастап, «Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ауқымды наразылықты» және одан кейін болған оқиғаларды шолып шыққан.
Автор Жолдас Өрісбаевтың жазуынша, 2011 жылғы 16 желтоқсандағы қантөгістің көп алғышарты болды: мамырда басталған мұнайшылардың ереуілдері бүкіл аймаққа жайылды; жұмысшылардың ереуілі заңсыз деп танылып, олардың құқықтарын қорғап жүрген заңгер, белсенділер қудаланды; халықаралық ұйымдар ереуілшілердің құқықтары бұзылып жатқанын айтып дабыл қақты.
Тіпті тәуелсіздік күні де Жаңаөзен қалалық әкімдігі алаңда жатқан наразылармен еш сөйлеспестен, мерекеге дайындықты бастап кеткен. Сол күні полиция күш қолданып, оқ атқаннан ресми дерек бойынша 17 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланды. «Қала тұрғындары мен құқық қорғаушы белсенділердің айтуынша, құрбандардың шын саны ресми көрсеткіштен бірнеше есе көп болуы мүмкін».
«Жаңаөзендіктердің көбі 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздік күнін тойламайды, себебі бұл – олар үшін жақындары қаза тапқан қаралы күн. Жаңаөзенде және одан тысқары тұратын жұрттың көбі үшін он жыл бұрын қаза тапқандар мен жараланғандарға қатысты әділдік орнаған жоқ».
«Бұл мереке ме, әлде қаралы күн бе? Тәуелсіздік күні қарсаңында қоғамда үнемі оны тойлауға қатысты пікірталас пен белгісіздік үдей түседі» дейді автор автор.
«Қазіргі саяси режим тұсында Жаңаөзендегі қасіретті оқиғаны объективті түрде тергеу мүмкін емес. Сондықтан Жаңаөзен оқиғасынан бері он жыл өтсе де ақиқат көмескі, әділдік тым алыс көрінеді» деп қорытады Diplomat.
ПІКІРЛЕР