Бүгін, 6 желтоқсанда қаржыгер, қоғам белсендісі Дархан Шәріпов зейнетақы қорындағы шекті соманың көбейгеніне қарсылық білдіріп, жалғыз адам пикетін өткізді. Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры кеңсесінің алдында плакат ұстап тұрды.
3 желтоқсанда 2022 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы қорындағы ақшаны алу шарты өзгеретіні хабарланды. Бұл өзгерістен кейін қорда міндетті түрде қалуға тиіс қаржы ("жеткілікті шек" - "шекті сома") шамамен екі есе ұлғаяды.
Шәріпов ипотека төлеп отырғанын, бұрынғы шекті сома бойынша берешегін бірнеше рет жапқанын айтады.
— Енді мемлекет мені бұл мүмкіндіктен айырып отыр. Бұл шешіммен келіспеймін. Себебі елде дағдарыс, жұрт табысынан айырылып жатыр. Ертең жұмыстан шығып қалуым да мүмкін. Ипотекамды төлей алмай, жалғыз пәтерімнен айырылып далада қаламын. Мұндайда мемлекетке арқа сүйей алмайсың. Сондықтан зейнетақы жинағындағы шекті соманы азайтуды талап етемін,— деді ол.
БЖЗҚ қызметкерлері белсендіге "бұл мәселені жоғары биліктен сұрау керек" деп жауап берді. Ал Алматы әкімдігінің өкілі "пикет алдын ала хабарланбағанын" ескертіп кетті.
"Шекті соманы" екі есе өсіру туралы шешімді сынға алып жатқандар көп. 4 желтоқсанда зейнетақы қорынан ақша алу шартын қиындатпауды талап еткен петицияға қол жинау басталды. Екі күнде петицияға 40 мыңға жуық адам қол қойған.
"Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2022 жылы зейнетақы қорында қалуға тиіс шекті соманың ұлғайтатынын хабарлады. Егер қазір 20 жастағы азамат 1.7 млн теңге жинауы керек болса, келесі жылдан бастап 3.1 млн теңге болады. Яғни, 1,8 есеге ұлғайтады. Бұл ақылға қонымсыз! Бұрын сәл де болса тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге зейнетақы қорынан ақшаны алу мүмкіндігі болған еді" дейді петицияда.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, "шекті соманың" өсуі әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюына байланысты. 2022 жылы ең төменгі жалақы 41 пайызға көбейген (42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін). Министрлік "шекті сома" жыл сайын өзгеретінін айтты.
Жаңа өзгеріс бойынша, келесі жылдан бастап 30 жастағы азаматтың зейнетақы қорында 4,37 миллион, 40 жастағыларда 5,79 миллион, 50 жастағыларда 7,43 миллион, 59 жастан асқандардың зейнетақы қорында 9,12 миллион теңге қалуға тиіс.
Қазақстан билігі биыл, 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалануына рұқсат берген. Әр азаматтың жас ерекшелігіне қарай зейнетақы қорында қалуға тиіс шекті сома белгіленген. Одан асқан қаржыны алуға: баспана алуға, емделуге және инвестициялық қаржы ретінде пайдалануға рұқсат еткен. Бұл бастаманы қолдайтындар да, сынайтындар да бар. Кейбірі бұл қадамды биліктің әлеуметтік наразылық артқан шақта халықтың "көңілін аулау" амалы деп бағаласа, кейбірі оның жылжымайтын мүліктің қымбаттауына ықпал еткенін алға тартады.
ПІКІРЛЕР