Қазақстанның екі азаматы Грузияда үш ай құлдықта болғанын айтты. Грузия полициясы олардың құжаттарын қайтармай отырған көрінеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі бюджеттен ақша бөлінген соң екі азамат елге қайтарылатынын хабарлады.
Құлдықта болдым дегендердің бірі – алматылық 18 жастағы Даму Жайлаубектің айтуынша, ол жолдасы Ақжол Ағыбаймен бірге тамыз айында таныстары арқылы жұмыс іздеп Дубайға барған. Содан соң шақырған тарап төлқұжаттарын алып, өздерін Киевке, кейін Грузияға апарған.
Жайлаубектің айтуынша, оларды еріксіз қамап ұстаған – Қытай азаматтары.
– Дубайда саяхатпен байланысты жұмыс істейсіңдер деген. Кейін "жұмыс басқа жақта болатын болды, сендермен басқа компания айналысады" деп, Батумиден бір-ақ шықтық. Әлдебір қытайлардың қол астында болдық. Компьютермен адам алдаумен айналысасың деп ұрып-соғып, мәжбүрлеп, 24 сағат жұмыс істетті, – дейді Даму Жайлаубек.
Жайлаубектің айтуынша, "жұмыс берушілер" оларды сыртқы әлеммен байланыстырмай, дұрыс тамақ бермей, қамап ұстап, жалған қор биржасының брокерлері сияқты жұмыс істеткен. Кейін олар ебін тауып, Грузиядағы Қазақстан елшілігіне хабарласқан.
Даму Жайлаубектің cөзінше, "құлдықпен айналысты" деген адамдарды Грузия полициясы ұстап, тергеуді бастаған соң Қазақстанның екі азаматы бостандыққа шыққан, бірақ құжаттарын полиция алып қойған.
Жайлаубектің сөзінше, Грузия тәртіп сақшылары оларды адам саудасымен айналысатын қылмыстық топқа қатысы бар адамдар ретінде тергейтінін айтқан.
Азаттық бұл ақпараттың анық-қанығын Грузия ішкі істер органдарынан нақтылауға тырысып жатыр. Әзірге кімдердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны, Жайлаубек пен Ағыбайдың ол істегі статусы туралы ресми мәлімет жоқ.
Қазір Даму Жайлаубек пен Ақжол Ағыбай Батумидегі қонақ үйде жатыр.
Қытай қазағы, кәсіпкер Қанат Қожаның айтуынша, қазақ жігіттерін құлдыққа жекті дегендер – адам саудасымен және көлеңкелі биржалық бизнеспен айналысатын үлкен топ.
– Қолымда толық схемасы бар. Олар қор биржасының баламасын жасап, басқаларға "мына компанияның акциясын алыңыздар, сонда сіздердің табыстарыңыз екі есе болады" деп жалған ақпарат таратумен, Facebook арқылы биржада ойнайтындарды іздеп тауып, соларды алдаумен айналысады. Олардың табыс айналымы – 1-3 миллион доллар. Бұл топта 30 адам бар, – дейді ол.
Қанат Қожа құлдыққа түстім деген қазақ жігіттеріне кездейсоқ тап болып, оларға көмектесіп жатқанын айтады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі екі азаматының Грузияда қиын жағдайға тап болғанын растады. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, Батумидегі құрметті консулдыққа Қазақстан азаматтарынан хабарлама биылғы 10 қарашада түскен.
– Осы жылдың 10 қарашасында [Батумидегі құрметті] консулдыққа белгісіз ұялы телефоннан қазақ азаматы хабарласып, құжатсыз отырғандарын, өздерін Қытай азаматтарының күштеп ұстап отырғанын айтқан. [Қазақстанның Грузиядағы] елшілігі бірден полицияға хабарласып, оларды босатып алды. Грузияда осы мәселеге байланысты қылмыстық іс қозғалды. Біздің азаматтар қауіпсіз жерге көшірілді, - деді ол.
Смадияровтың айтуынша, екі азамат осы аптада Қазақстанға жеткізілуі керек.
– Біздің елдің азаматтары басқа елде жүріп, адам саудасы кесірінен [қиындыққа тап болып] немесе басқа жағдайға ұшырап, құжатынан айырылып қалса, мемлекеттік бюджеттен оларды елге жеткізуге арнайы қаржы бөлінеді. Осы қаражат консулдық есеп-шотына түскен соң, ол адамдар елге қайтарылады. Ол осы аптаның ортасында немесе соңында болуы мүмкін, – деді ол Азаттыққа.
ПІКІРЛЕР