Бүгін, 7 желтоқсанда Алматыда Арон Атабекті қорғау комитетінің өкілдері "Шаңырақ ісі" туралы жиын өткізді. Жиында Арон Атабек "Шаңырақ оқиғасы" қарсаңында билік пен халық арасында ара ағайындық жасап, баспана мәселесін ушықтырмай шешуді көздегенін мәлімдеді.
- Арон Атабек, 2006 жылдың 19 мамырында президент пен парламент, үкіметке хат жазып, "тұрғын үйлерді бульдозермен бұзып жатқан Алматы әкімдігінің әрекеттерінен "Шаңырақ" ықшам ауданы мен жатақханада тұрып жатқан 10 мыңнан аса отбасы суицид алдында тұрғанын" хабарлаған,- дейді Арон Атабекті қорғау комитетінің құқық қорғаушысы Ерлан Қалиев.
Оның сөзінше, Арон Атабек хатында "Үйлерді күреуге қарсы шыққан тұрғындарды ұрып-соғып жатыр" деп жазған, сондықтан "үйлерді күреуге Қазақстан бойынша жедел мораторий жариялау және 1 ай ішінде "Шаңырақ" пен өзге де әлеуметтік жағдай ушығып тұрған аймақтарда халықтың баспанасын заңдастырып беру туралы президент қаулы шығаруға тиістігін" айтқан.
Арон Атабек "Шаңырақ оқиғасынан" 55 күн бұрын мәселені бейбіт жолмен шешу керектігін депутаттарға да хабарлаған, сол кездегі мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан оны "Шаңырақ", "Әйгерім", "Бақай" ықшам аудандарындағы жер мәселесі бойынша көмекшісі еткен,- дейді Ерлан Қалиев.
Құқық қорғаушы көрсеткен қағазда депутат Бекболат Тілеуханның "қоғамдық бірестік төрағасы Сәлім Оразалиев пен ақын Арон Едігеевке (Атабекке) депутат көмекшілері ретінде билік өкілдері жан-жақты қарайлассын" деген өтініші жазылып, қолы қойылған.
Ерлан Қалиевтің сөзінше, парламенттің 30-дан аса депутатының Алматы қаласының сот орындаушыларына жазған хаты бар. Онда депутаттар "Шаңырақ", "Әйгерім", "Бақай" ықшам аудандарындағы жекеменшік үйлерді бұзуды және жатақханадан тұрғындарды шығаруды уақытша тоқтатуды сұраған.
Құқық қорғаушының сөзінше, егер "Шаңырақ ісі" бойынша сот кезінде депутаттар сотқа келіп, өтініштерін растағанда Арон Атабек 18 жылға сотталмас еді.
- Депутаттарды "саяси сотқа бармаңдар" деп қорқытқан болар, - дейді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.
Бұл жөнінде Азаттық тілшісі қазір де Мәжіліс депутаты болып жүрген Бекболат Тілеуханға хабарласқанымен, сөйлесу мүмкін болмады.
Биыл, 1 қарашада Алматы қаласында бір топ саясаткерлер мен белсенділер Арон Атабекті қорғау комитетін құратынын мәлімдеп, жиын өткізген. Жиынға саясаткерлер мен қоғам белсенділері Мұрат Әуезов, Хасен Қожа-Ахмет, Балташ Тұрсымбаев, Мұратбек Есенғазы және Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтұшева қатысқан.
2006 жылғы "Шаңырақ оқиғасынан" кейін 18 жылға сотталып, биыл 1 қазанда денсаулығына байланысты түрмеден босатылған диссидент ақын Арон Атабек 24 қараша кешкісін 68 жасында қайтыс болған еді.
ПІКІРЛЕР