Қырғызстан министрлер кеңсесінің басшысы Ақылбек Жапаровтың мәлімдеуінше, жақында Бішкек қаласына 2 мың автобус алынады. Үкімет автокөлікті жеткізетін компанияны анықтап жатыр.
Осыған орай Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин осы жобаны жүзеге асыру барысына қызығып, қазақстандық электробустарды алуды ұсынды. Мамин Қазақстанда құрастырылатын электробустар энергияны үнемдейтінін, қауіпсіз әрі ұзақ уақытқа шыдайтынын айтқан.
Қырғыз үкіметінің хабарлауынша, бұл мәселені көрші екі елдің үкімет басшылары 8 желтоқсанда Ақылбек Жапаровтың Нұр-Сұлтанға жұмыс сапары барысында талқылаған. Бұған қоса, қазақ үкіметі Қырғызстанға 1000 тонна астықты көмек ретінде береді. Ақылбек Жапаров Қырғызстанға 12 мың тонна астық қажет екенін, оны Қазақстаннан сатып алғысы келетінін мәлімдеді.
Екі мемлекет үкіметтерінің мәліметі бойынша, тараптар Қырғызстан аумағында үш көтерме сауда орталығын ашу жөніндегі бірлескен жоспарын қабылдады.
Бұған қоса, Қазақстан "Орталық Азия қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында" Қырғызстанға әскери-техникалық көмек көрсетеді. Бұл жөнінде қазақ үкіметі хабарлады.
ПІКІРЛЕР