Accessibility links

Алматы әкімі әйелдер шеруіне не үшін рұқсат бермегенін түсіндірді


Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев белсенділер 2022 жылы 8 наурызда өткіземіз деген әйелдер құқығына арналған шеруге не үшін рұқсат бермегенін айтты. Оның айтуынша, ол күнді басқа ұйымдар "алып алғандықтан" бос емес.

— Жылдың соңында алдағы бір жылдың оқиғалар кестесі жасалады, себебі бюджетті жоспарлау керек. Жыл сайын 1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін өтетін шаралардың барлығы жазылады. Соған қарап әр басқарма бюджетке өтініш береді. Сол себепті 8 наурызда бірқатар шаралар өтеді, нақтысын айта алмаймын. Мәселе біреуді ығыстыруда болып отырған жоқ. 8 наурызды өзге ұйымдар алып алған, өзге шаралар өтеді, – деді Сағынтаев.

Әйелдер шеруін ұйымдастырып жүрген белсенділер Мөлдір Жұмабаева, Фариза Оспан және Мира Оңғарова 16 қарашада Алматы әкімдігіне 2022 жылы 8 наурызда митинг өткізуге өтініш түсірген. Жұмабаеваның сөзіне қарағанда, 18-19 қарашада оларға әкімдіктен хабарласып, "митинг туралы өтінішті түзетулерін" сұраған.

— Сол күні өтінішті түзетіп қайта жібердік. 22 қарашада өтінішімізді кері қайтарды. Бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеді. Әкімдік 2022 жылдың 8 наурызында Шоқан Уәлиханов алаңында мәдени-қоғамдық шаралар өтетінін және Шевченко көшесі бойында таңертеңгі сағат 9-дан бастап кешкі 8-ге дейін жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты, – деді Жұмабаева.

Белсенділердің сөзіне қарағанда, оларды әкімдікке шақырып, шеру жөнінде сұраған.

Жұмабаеваның сөзінше, кездесуге қоғамдық даму басқармасының жетекшісі Диас Есдәулетов, орынбасары Айдар Есенбеков, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департамент жетекшісінің орынбасары Әсел Халықова мен прокуратура басқармасының аға прокуроры Сахи Айысбеков қатысқан. Кездесуде карантин шаралары айтылып, көп адам қатысатын шара өткізуге болмайтынын ескерткен.

Белсенділер шеру өткізуге қайта өтініш түсіретінін айтып отыр.

— Әрине, бас санитар дәрігердің қаулысын ескереміз. Алайда әкімдіктің мәдени-қоғамдық шараларды біз өтініште көрсеткен күнге дәл сол Шоқан Уәлиханов алаңына таңертеңгі сағат 9-дан бастап кешкі 8-ге дейін жоспарлауы қызық. Осыған орай 8 наурыз күнгі шеруде Қазақстанда әйелдердің өз құқықтарын айтуға кедергі келтірмеуді талап етеміз. Әкімдіктің әрекетін сотқа береміз және әкімдікке "митинг үшін митинг" өткізетініміз жөнінде хабарлама түсірдік, – деді Жұмабаева.

Биыл 8 наурызда Алматыда феминистік қозғалыс белсенділері гендерлік теңдікке үндейтін шеру өткізген. Онда әйелдердің жиі зорлық-зомбылық құрбаны болатыны, біржыныстылардың құқықтары қорғалмайтыны, әйелдердің білім алу, еңбек ету, саяси құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелері көтерілген. Бұл шара әлеуметтік желіде қызу талқыланған.

Шеруден кейін оған қатысқан белсенділердің біріне қоқан-лоқы жасалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG