Accessibility links

Халық наразылығынан соң Тоқаев зейнетақы қорындағы өзгерістерді сәуірге дейін шегерді


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зейнетақы қорындағы ақшаны алу шартының қиындайтыны жөнінде ақпарат тарап, халық наразылығы артқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы өзгерістерді 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап енгізуді тапсырды. Бұл жөнінде президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады. Бұған дейін жаңа өзгеріс жаңа жылдан бастап енгізілетіні айтылған еді.

"Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды" деп жазды Берік Уәли 9 желтоқсанда кешке.

Бірнеше күн бұрын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қорда міндетті түрде қалуы тиіс қаражат мөлшері ("жеткілікті шек") шамамен екі есеге ұлғаятынын хабарлаған. Зейнетақы қорындағы "артық ақшаны" пайдалануды жоспарлаған жұрт бұл өзгерістерге қарсылық білдірген. Кейбір белсенділер БЖЗҚ-ны сотқа да берген. Ал қаржы операцияларын жүзеге асыратын "БЖЗҚ Отбасы" банкінің сайты қолданушылар көп болғандықтан істемей қалған еді.

Жаңа өзгеріске сәйкес, мысалы 30 жастағы азамат үшін зейнетақы қорында қалуы тиіс "жеткілікті шек" мөлшері – 4,37 миллион теңге болады, 40 жастағылар үшін – 5,79 миллион теңге, 50 жас – 7,43 миллион теңге, ал 59 жастан бастап – 9,12 миллион теңге болады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұны әлеуметтік көрсеткіштердің ұлғаюымен байланыстырған.

Қазақстан билігі 2021 жылдың қаңтарынан бастап азаматтардың зейнетақы қорындағы ақшасының бір бөлігін пайдалануына рұқсат берген. Әр азаматтың жас ерекшелігіне қарай зейнетақы қорында қалуға тиіс шекті сома белгіленген. Одан асқан қаржыны алуға: баспана алуға, емделуге және инвестициялық қаржы ретінде пайдалануға рұқсат еткен. Бұл бастаманы қолдайтындар да, сынайтындар да бар. Кейбірі бұл қадамды биліктің әлеуметтік наразылық артқан шақта халықтың "көңілін аулау" амалы деп бағаласа, кейбірі оның жылжымайтын мүліктің қымбаттауына ықпал еткенін алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG