Accessibility links

Сот белсенді Болатбек Біләловты 15 күнге қамады


Белсенді Болатбек Біләлов (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 2 жетоқсан 2020 жыл.
Белсенді Болатбек Біләлов (сол жақта). Нұр-Сұлтан, 2 жетоқсан 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты 10 желтоқсанда кешке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп (488-бап, 7-бөлігі) айыпталған белсенді Болатбек Біләловты 15 күнге қамады. Бұл жөнінде белсендінің әйелі Ақмарал Біләлова айтты. Онлайн өткен соттың видеосы әлеуметтік желіде де жарияланды.

"Сот шешімі оқылғаннан кейін полицейлер оны ұрып-соға бастағанға ұқсайды" деді әйелі Азаттық тілшісіне.

Видеода үкім оқылып жатқан кезде белсендінің камерадан көрінбей кеткені, артынша камерасы дірілдеп, белсендінің айғайлағаны естіледі. Сот шешімі толық оқылмай жатып, белсендінің камерасы өшіп қалды.

Сот онлайн өткендіктен тараптар сотқа әр жерден қосылған. Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасы ғимараты ішінен қатысқан Болатбек Біләловтың жанында полицейлерден басқа ешкім болмаған.

Азаттық тілшісі хабарласқан кезде полициядан ешкім телефон тұтқасын көтермеді. Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған әкімшілік соты да жауап бермеді.

Туыстарының айтынша, полиция белсенді Болатбек Біләловті 9 желтоқсанда анасының үйінің алдында ұстап әкеткен. Ол бұған дейін Еуроодақтың астанадағы өкілдігі алдына бір топ адаммен барып, үш министр және қала әкіміне жеке санкция салуды талап етіп, петиция тапсырған.

16 желтоқсан қарсаңында Қазақстанда бірқатар белсенділер ұсталып, кейбірі аштық жариялаған.

Құқық қорғаушылар билікті азаматтарға Конституцияда жазылған бейбіт жиын өткізу және пікір айту еркіндігі құқығын жүзеге асыруына мүмкіндік бермей отырғанын айтып, жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG