Пекин Совет одағының тарауын әлі де "сабақ алар оқиға" көреді. Бірақ одақтың ыдырауы Қытайдың Еуразия жеріне ықпалын күшейтуіне де жол ашқан.
1989 жылғы мамырда СССР Бас хатшысы Михаил Горбачев Пекинге үш күнге сапарлады.
1969 жылы Қытай мен Совет одағы арасында болған шекара дауынан кейін СССР басшысы Пекинге алғаш рет барды. Екі ел арасын ондаған жылға шиеленістірген қақтығыстар бұдан кейін қайталанған жоқ.
Горбачевтің Қытайға жасаған тарихи сапарынан кейінгі екі жарым жылда Пекин мен Мәскеудің жолы екі жаққа кетті.
Совет одағының билігі ұлтшылдықтың өсуімен, экономиканың тоқырауымен және күйреуімен күресіп, одақтың әлемдік держава статусы әлсіреді. Бұл жағдайлар 1991 жылғы 26 желтоқсанда одақтың тарауына әкелді.
Ал Қытайдың экономикасы өсіп жатты. Ондаған жыл бойы елдегі өмір сапасы артып, шетелге ықпалы күшейді. Сөйтіп Қытай қазіргі жаһандық мәртебесіне ие болды.
Пекин Совет одағының құлап, 15 жаңа мемлекеттің құрылуын сақтықпен қабылдады. Бірақ Мәскеумен арадағы шиеленіс аяқталған соң, Қытай шекараның ар жағына ықпал етуге күш салды. Бұл амал бұған дейін мүмкін болмаған еді.
СССР-дің тарауы Қытайға Орталық Азияға ықпалын күшейтуге, Мәскеумен жаңа саяси байланыс орнатып, "Бір белдеу – бір жол" жобасын іске қосуға мүмкіндік берді. Бұл бастама Қытай компанияларына жол ашып, Еуразия экономикасына ықпал етуге бағытталды.
"Совет одағы тарапынан болған қауіп сейілген соң, Қытай бұл ресурсын басқа елдерге еркін инвестициялады. Осылайша, батысындағы елдерге ықпалын кеңейтті, – дейді Фростбург мемлекеттік университетінің доценті Хайун Ма Азаттыққа. – Бұл – Пекиннің үлкен жетістігі. Бүгінде Қытай ықпал етпейтін жер жоқтың қасы".
Совет одағының тарауы Пекин билігінің көзқарасына да қатты әсер етті. Коммунист әріптесінің тағдыры Қытай саясаткерлерінің қорқынышты түсіне айналды. Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзиньпин 2013 жылы сөйлеген сөзінде СССР-дің тарауы "сабақ болуы керегін" айтты.
Си Цзиньпин Совет лидерлерінің идеологияға қатты берілуі сабақ болуы керек деді. Сарапшылардың көбі бұл ой ел ішінде өзгеше ойлайтындарды басып-жаншуды, Қытай ықпалын әлемге таратуды қолдауда жатыр.
"Совет одағының құлауы Коммунистік партия үшін ескерту іспеттес" деді Азия зерттеулері ұлттық бюросының бас қызметкері Надеге Ролланд Азаттыққа. "Қытай саясаты қатты алаңдатып отыр. Бұл – биліктен айырылудан қорқы және оны кез келген жолмен сақтап қалуға ұмтылу".
СОВЕТ ОДАҒЫ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ
Басында Қытай Еуразияға қатысты амибициялы ой мен жоғары мақсатта болған жоқ. Қытай экономикалық қиындықпен күресіп, саяси дағдарысқа ұшыраған жаңа көршілерін түсінуге тырысты. Бұл дағдарыс Тәжікстандағы азаматтық соғыстан Ресейдегі Солтүстік Кавказ үшін болған таласқа дейін барды.
АҚШ пен одақтастары "Қырғи-қабақ соғыс" пен коммунизммен күрестің аяқталғанын тойлап жатқанда, 1970-жылдардағы әрекеттерімен Пекин мен Вашингтонды жақындата түскен Совет одағының құлауы Қытай да осы жағдайға топ болуы мүмкін деген қауіп туғызды.
1990-жылдары Совет елдеріндегі тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында Пекин аяғын аңдап басты. Қытай экономикасын дамытуға назар аударып, Шығыс Азиядағы көршілерімен байланысын нығайтуға және инвестиция салуға бағытталған науқан бастады.
Қытай Орталық Азиядағы жүгірме саудада маңызды рөл атқара бастағанда, Пекин қауіпсіздігін нығайтып, бұрынғы шекара дауларын шешіп алуға тырысты.
Көбіне Пекин Ресейдің қалай әрекет ететініне жалтақтаған соң, оның Орталық Азияға ықпалы баяу тарады.
1996 жылғы сәуірде Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан басшылары Шанхайда кездесті. Қытай жаңа тәуелсіз көршілермен шекара мәселелерін реттеу тетіктерін қамтитын келісімге отыруды көздеді. Осылайша "Шанхай бестігі" құрылды. 2001 жылы Өзбекстан қосылған соң ұйым "Шанхай ынтымақтастық ұйымын" деп аталатын болды. Қазір оған Үндістан мен Пәкістан да мүше болған.
"Қытай Ресейге ешқашан ашық түрде қарсы шыққысы келген жоқ. Сондықтан Пекин аймаққа алдымен экономикалық жолдармен кіріп, кейін ықпалын басқа елдерге де таратты" деді Хайун Ма.
Кейінгі жылдары Қытай басқа елдердің ісіне араласпауға, экономикалық байланысын нығайтуға және аймақтағы беделін арттыруға бағытталған стратегиясына басымдық берді.
Қытайдың 21-ғасырдағы жетістігі Вашингтонның көзқарасын өзгерте бастады. Ол Пекинді бәсекелес көре бастады. Әсіресе, Шығыс Азияда Америка әскерінің болуы Қытай стратегиясына шектеу қойғандықтан, Пекин Еуразиямен байланысын нығайтуға көбірек көңіл бөлді.
"Қытайдың өсуі АҚШ пен басқа елдердің назарын аударды" дейді Хайун Ма. "Батыс құрлықтағы шекараны кеңейту шиеленіс күрт күшеюі мүмкін Тынық мұхиты аумағына қарағанда қауіпсіз болды".
БАТЫСҚА БЕТБҰРЫС
2000-жылдарда Қытай стратегтері Еуразияға көңіл бөле бастады. Бұл батылы артқан Пекиннің жаңа саясатының өзегіне айналды.
Бірақ "Қытайдың батысы жайлы жазбалар" кітабының авторы Даниэль Маркей Пекиннің бұрынғы Совет жерінде қазіргідей статусқа жететіні бірден байқалған жоқ дейді.
"Совет одағының тарауынан дәл Қытайдың пайда көретіні немесе Еуразияға ықпалын кеңейтуге шамасы жететіні анық білінбеді" деді Маркей Азаттыққа.
Пекин негізінен Орталық Азияға назар аударды. Қытай саясаткерлері Ауғанстан мен батыс Қытайдың батысындағы Шыңжаң арасында орналасқан аймақты стратегиялық жер ретінде қарастыра бастады. Аймақтың табиғи газға бай болуы да әлем бойынша мұнай мен газды ең көп тұтынатын Қытайға тартымды болды.
2010 жылы Қытай әскерінің генералы Лю Ячжоу Орталық Азияны "қазіргі Қытай халқына аспаннан түскен бәлішке" теңеді. Шамамен сол уақыттарда белгілі бір жағдайлар тізбегі Пекиннің әлемдегі жағдайын өзгертіп жатты.
Қытай 2008 жылғы жаһандық дағдарыстан басқа елдерге қарағанда жеңіл өтті. Бірақ көп салада өнім артылып, жаңа нарықты қажет етті. 2010 жылы Қытай Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші экономикаға айналды. Сол кезде Еуразиядағы елдердің көбі Батыс пен Ресейге қолы жетпей, инвестиция зәру болып жатты.
"Қытай инвестор ретінде тартымды болған жоқ" дейді Маркей. Оның айтуынша, қаржы дағдарысына дейін көп ел Қытайға ашыла қоймаған. Бірақ кейін дағдарыстан кейін шарасыз күйге түсіп, Пекин инвестициясына мұқтаж болған.
Пекин университетінің халықаралық зерттеулер мектебінің бұрынғы деканы, танымал ғалым Ван Цзизи 2012 жылы Еуразияға ықпалын күшейту үшін қажет экономикалық және дипломатиялық амалдар стратегиясын жасады.
"Батысқа қадам" деп аталған стратегия АҚШ-тың Шығыс Азияға ықпалына жауап болды. Осы идеяларының көбі "Бір белдеу – бір жол" жобасының негізіне айналды. Си Цзиньпиннің сыртқы саясатқа бағытталған ірі жобасы 2013 жылы Қазақстанда таныстырылды.
Содан бері "Бір белдеу – бір жол" аясында Латын Америкасы, Африка мен Еуразияда жүздеген миллиард доллар болатын жобалар жүзеге асты. Бұл – Пекинге ықпалын күшейтуге жол ашып, компанияларға жаңа мүмкіндік берді. Жоба аясында Пекин Пәкістандағы Гвадар порты, Орталық Азия арқылы өтетін темір жолдар мен Иранның мұнай секторы секілді стартегиялық маңызды жерлерге инвестиция салды.
"Қытай саясаткерлерінің көбі Қытай Орталық Азиядағы және Еуразия бөлігіндегі тарихи және дәстүрлі рөлін қайта жандандырды деп ойлайды" деді Хайун Ма. "Ресейдің ықпалында болған аймақ отыз жылда өзгерді".
ЖАҢА ЕУРАЗИЯ
1989 жылы Михаил Горбачевтің Қытайға сапары жағдайды өзгерткен жоқ. Кей Совет саясаткерлері содан үміттенген еді. Бірақ Пекин мен Мәскеу байланысы Си Цзиньпин мен Владимир Путин кезінде жаңа деңгейге жетті.
Ресей Қытайдың жетістіктерін үреймен бақылады. Мәскеудің Еуразия жеріне қатысты өз жоспары бар. Кейінгі жылдары екі елдің байланысы жақсы болғанымен, биыл Путин екіжақты байланыс шілдеде ең жақсы деңгейге жеткенін атап өтті.
"Совет одағының құлауы Ресеймен бұрынғыға қарағанда жақсырақ қарым-қатынаста болуға жол ашты" дейді Ролланд. "Бұл жағдайдың қалай тез өзгеретінін бақылауға арналған гипноз сияқты".
Пекин мен Мәскеудің көп мәселеде ойы бір жерден шыға бермейді. Бірақ олар шиеленіс тудырмау үшін алауыздықтан қашып, АҚШ-қа деген ортақ пиғылының арқасында біріге білді. Қытай да, Ресей де халықаралық проблемаларды ортақтасып шешуге дайын екенін көрсетіп, бірге әскери жаттығу өткізуге кірісіп кетті.
Сарапшылардың көбі мұның қаншалықты тұрақты болатынына сақтықпен қарап отыр. Әсіресе, Пекин Орталық Азия бойынша ықпалын кеңейтіп, әлемге экономикалық ықпалын арттырып жатыр. Кремль де бұл жерді өз ықпалының "аймағы" ретінде қарастырады.
"Пекин ұзақ ойын ойнап жатыр және осыған дейін Мәскеудің мазасыздығын жеңілдетуге ақылы жетті" деді Ролланд. "Бірақ олар қабырғадағы жазуды оқып, Ресейге құлдырап жатқан ел ретінде қарауы мүмкін".
ПІКІРЛЕР