Accessibility links

Құқық қорғаушылар митинг қарсаңында кемінде 18 адамның "саяси қудалауға ұшырағанын" хабарлады


Митинг кезінде ұсталған азаматтарды отырғызатын полиция көлігі. Ақпан айы 2020 жыл.
Митинг кезінде ұсталған азаматтарды отырғызатын полиция көлігі. Ақпан айы 2020 жыл.

Белсенділердің қудалануын бақылайтын Qaharman құқық қорғау тобының мәліметінше, Қазақстанда 2 және 14 желтоқсан аралығында кемінде 18 белсенді саяси себеппен қудаланған. Ұйымның сейсенбі күні хабарламасында "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 14 адамның 10-20 күн аралығында әкімшілік қамауға алынғаны жазылған. Басым бөлігі Алматы мен Нұр-Сұлтанда ұсталған. Шымкент пен Степногорск, Орал қаласында да ұсталғандар бар. Құқық қорғау тобы ұсталғандардың тізімін де жариялады.

Одан бөлек, "Қазақстан билігі саяси себеппен азаматтық белсенділердің 2021 жылы 16 желтоқсанда бейбіт жиын өткізу туралы өтінішін орындаудан бес рет бас тартқан (2 рет Алматыда – мұнда карантинді алға тартқан, үш рет Оралда – әкімдік басқа шара өтетінін хабарлаған)" делінген хабарламада.

Бұған дейін тіркелмеген Демократиялық партия және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) жақтастарын 16 желтоқсанда митингіге шығуға шақырған. еді. Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атап, Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырған.

16 желтоқсан — Қазақстан тәуелсіздігі күні. Бұл күн Қазақстанның жаңа тарихында тағы екі оқиғамен байланысты аталады. Осыдан 35 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG