Accessibility links

Навальныйдың қызы Еуроодақты "диктаторға төтеп беруге" шақырды


Алексей Навальныйдың қызы Дария Навальная әкесінің суретін ұстап тұр. Страсбург, 15 желтоқсан 2021 жыл.
Алексей Навальныйдың қызы Дария Навальная әкесінің суретін ұстап тұр. Страсбург, 15 желтоқсан 2021 жыл.

Түрмедегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қызы Еуроодақты Ресей президенті Владимир Путинге төтеп беруге шақырды.

Дария Навальная бұл мәлімдемесін сәрсенбі күні Францияның Страсбург қаласында Сахаров сыйлығын тапсыру рәсімі кезінде айтты. Қазан айында Еуропадағы Адам құқығы саласындағы ең беделді Сахаров атындағы сыйлық Алексей Навальныйға берілген. Ол түрмеде отырғандықтан сыйлық қызына тапсырылып отыр.

– Диктаторлармен прагматикалық қарым-қатынасты қолдайтындар неге тарих оқулығын ашып қарамайды? Диктаторлар мен тирандар ешқашан тәубасына келмейді, – деді Стэнфорд университетінде оқитын 20 жастағы Дария Навальная.

Осыдан 11 ай бұрын Мәскеу соты Ресейдегі шенеуніктердің жемқорлықтарын әшкерелеп, зерттеу жариялап жүрген Алексей Навальныйды 8 жыл бұрынғы іс бойынша жазасын дұрыс өтемеді деп танып, түрмеге қамаған. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан. Еуроодақ Ресейге оппозициялық саясаткерді қамағаны үшін және "улағаны үшін" санкция салған. Оның алдында Еуропаның тәуелсіз бірнеше зертханасы Навальныйдың жүйке жүйесін сал қылатын умен уланғанын анықтаған.

Еуроодақтың адам құқығы бойынша ең беделді сыйлығы Навальныйға "бостандық, демократия және адам құқығы үшін күрестегі ержүректігі" үшін беріліп отыр. Навальный сыйлықты әлемдегі жемқорлықпен күрескен барлық белсенділерге арнаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG