Accessibility links

"Мұнан әрі шыдай алмаймын". Орал тұрғыны қарсылық ретінде өзін-өзі улаған


Зашаған кентіндегі үй ауласының бірі. Орал, 13 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет
Зашаған кентіндегі үй ауласының бірі. Орал, 13 қазан 2017 жыл. Көрнекі сурет

19 желтоқсанда Орал қаласының тұрғыны Надежда Солодовникова өзін-өзі улады. Уланар алдында билік қысым жасағаны жайлы видео қалдырған. Қазір Солодовникова қала ауруханасында ауыр жағдайда жатыр.

Болған жайды Надежды Солодовникованың көршілері хабарлады. Таңғы сағат 9-да Солодовникова көршісі Валентинаға телефон соғып, мұнан әрі шыдай алмайтынын айтқан. Кей болжамға қарағанда сірке қышқылын ішкенге ұқсайды.

Надежда Солодовникова өзі таратқан видеода үйінің алдында мереке күндері полиция көлігінің кезекпен қарауылдап тұрғанын айтады.

-Үйден шыға алмаймын, мені қарауылдап тұр. Тіпті азық-түлікке де бара алмаймын, көршілерім әкеп беріп жатыр,- дейді ол.

Солодовникова биліктің қысымын азаматтық белсенділігінен, қарсылық акцияларынан көреді. Ол бұған дейін билікті сынап, әкімдіктен 150 адам тұратын, тозығы жеткен ескі үйлерін жекешелендіріп беруді талап еткен.

"Өзіміз тұратын үйді жекешелендіруге рұқсат сұрап жүргенімізге он жылдан асты. Әуел жалға ала тұрыңдар, сонан соң жекешелендіресіңдер деді. Одан кейін тағы екі жыл күтіңдер, сонан соң тағы үш жыл күтіңдер деді. Сөйтіп он жыл болды,- дейді Надежда Солодовникова.

Солодовникова 1 желтоқсанда "Адамның өз меншігін өзіне беріңдер" деген плакат ұстап, жалғыз адам пикетіне шыққан. "Осыдан кейін мені полиция ұстап әкетті" дейді ол. Бірақ полиция мұны ресми түрде растаған жоқ.

Бір аптадан кейін Солодовникова өзге де белсенділермен бірге Орал әкімі Абат Шыныбековтің қабылдауында болды. Ертеңіне оның Facebook парақшасында видео жарияланды. Видеода көлікте отырған Солодовникова "жұмысқа кетіп бара жатқан кезімде үш ер адам заңсыз ұстап алды" деп сөйлейді. Ол себебін түсіндіруді талап еткенде телефонын тартып алып, видео үзіліп қалған.

— Біз әкімдікке барған соң Надеждаға қысым күшейді. Үйінің алдында бірнеше күні полиция күтіп тұрды,- дейді Азаттыққа белсенді Бекболат Өтебаев.

20 желтоқсанда полиция департаменті "Өз-өзіне қол жұмсау" бабының белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап, "бопсалау түріндегі әрекет. Өз-өзіне қол салуға талпыну. Сірке қышқылымен уланған, жағдайы ауыр. Ауыз қуысы, кеңірдегі, асқазаны күйген" деген баға берді.

Денсаулық сақтау басқармасы Надежда Солодовникованың есін жиғанын, жағдайы ауыр екенін хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG