АҚШ сенатының халықаралық қатынастар комитетінің мүшесі Джим Риш Украина шекарасының түбінде Ресей әскерінің шоғырлануына алаңдаған Батысқа Мәскеудің жауап ретінде қауіпсіздік кепілдігін сұрауы - Ресейдің соғысқа сылтау іздеп отырғандығының белгісі деп санайды.
Сенатор Джим Риштің сөзінше, Ресейдің ұсынысы қауіпсіздік туралы келісім емес, Ресей президенті Владимир Путин байыз табуы үшін АҚШ пен НАТО міндетті түрде келісуге тиіс талаптардың тізімі.
17 желтоқсанда Ресей сыртқы істер министрлігі жариялаған келісім мазмұнында НАТО-ны шығысқа қарай кеңейтпеу, НАТО-ның Шығыс Еуропадағы белсенділігін шектеу, Украина, Грузиямен ынтымақтастығын тоқтату мәселесі айтылған.
"Ресей Федерациясы бұл талаптардың қабылданбайтынын біле тұра әдейі айтып отыр,-дейді Риш. - Путин Америка Құрама Штаттары мен оның НАТО бойынша 29 одақтасы Украина сияқты егемен мемлекеттердің болашағы жайлы келіссөз жүргізбегенін және жүргізбейтінін де біледі. Олар өз болашқтарын өздері таңдауы керек"
Риш президент Джо Байден әкімшілігі мен НАТО елдерін Ресей талабын қабылдамауға және бұл реакцияны Путин әскери күш қолдануға себеп ретінде пайдалануы мүмкін екеніне дайын болуға шақырды. Риш конгресс пен АҚШ әкімшілігі Ресей жағдайды ушықтырмай тұрғанда әрекет етуге тиіс деп санайды.
ПІКІРЛЕР