Шет мемлекеттер Ресей билігіне оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың уланғаны туралы бірде-бір айғақ көрсетпеді. 23 желтоқсанда Мәскеудің Манеж сарайында өткен баспасөз жиыны кезінде Ресей басшысы Владимир Путин осылай деп мәлімдеді. Навальный және ол құрған Жемқорлықты зерттеу қоры туралы сұрақты Путинге ВВС тілшісі қойды.
Путин әдеттегідей бұл жолы да оппозициялық саясаткердің аты-жөнін атамай "сіздер уланды деп отырған адам" деген тіркесті пайдаланды. Оның айтуынша, Ресей бас прокуратурасы Батыс елдеріне саясаткердің уланғанын растайтын материалдарды сұратып, көп өтініш айтқан.
"Бірде-бір материал жоқ. Мұны қалай түсіндіруге болады? "Новичок" па, қалай еді өзі. Біз ресми сауалдар жібердік: уланғанын дәлелдейтін айғақ көрсетіңіздерші. Қылмыстық іс қозғауға негіз беріңіздерші! Нөл! Сол себепті бұл парақты жауып қояйық. Барлық елде тұтқын бар. Қылмыс жасап алып, саяси қызметпен жасырынудың қажеті жоқ" деді Владимир Путин.
2020 жылы 20 тамызда Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан Алексей Навальныйдың жағдайы ұшақта күрт нашарлап, комаға түскен. Алғашында Омбы ауруханасына жатқызылған саясаткер екі күннен кейін Германиядағы клиникаға ауыстырылды. Еуропаның тәуелсіз зертханалары саясаткердің ағзасынан жүйке жүйені сал қылатын "Новичок" тобына жататын у қалдықтарын тапқан.
The Insider, Bellingcat және CNN тілшілерінен құралған зерттеу тобы Навальныйды ФСБ-ға қарайтын криминалистика институтының сегіз қызметкері улаған болуы мүмкін деген қорытындыға келген. Навальныйдың өзі мен жақтастары оқиғаға Кремльді кінәлаған. Мәскеу мұны жоққа шығарған.
Сәрсенбі күні баспасөз жиыны кезінде Путин ВВС тілшісінің "шетел агенті" заңына қатысты сұрағына да жауап берді. Путин АҚШ-пен салыстырғанда аталған заң "әлдеқайда либералды" екенін атап өтіп, АҚШ-та "шетел агенттеріне" бес жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын айтты.
"Бұл заңды біз ойлап тапқан жоқпыз. Демократия мекені саналатын АҚШ-тың өзінде бұл заң 30-жылдары қабылданған. Ол жақта егер сіз әрекетіңізді доғармасаңыз, бес жылға дейін сотталуыңыз мүмкін. Бес жыл! Бізде мұндай нәрсе жоқ. Біз ол ұйымдардың жұмысына тыйым салмаймыз. Тек: қаржы көздерін айтыңыздар деп отырмыз" деді Путин.
Путин мұндай баспасөз жиынын жылына бір рет, әдетте желтоқсанда өткізеді. Бұл жолы індетке байланысты Путинге сұрақ қойғысы келген журналистер бұрын-соңды кездестірмеген қауіпсіздік талаптарын орындауға мәжбүр болды: үш рет коронавирус тестін тапсырды, күміс бөлшектерді анықтайтын жәшіктен өтті, президенттен тым алыс отырды. Оларға нанокүміспен жалатылған арнайы маскалар ұсынылды.
ПІКІРЛЕР