Қазақстан төтенше жағдай министрі Юрий Ильин "Қазавиақұтқару" ведомствасының тікұшақтарын жеке адамдардың пайдаланғанын растады.
Бұған дейін "Бәсе" YouTube каналында қазақстандық бизнесмендер Айдын Рахымбаев (BI Group құрылыс компаниясының басшысы), Берік Қаниев (мұнай сервисі компаниясының иесі) және ресейлік миллиардер Игорь Рыбаковтың "Қазавиақұтқару" тікұшағымен аң аулағаны жайлы видео жариялаған.
Видео авторлары бизнесмендер "министрге ақша төлеп, министрлікке тиесілі тікұшақты көңіл көтеруге және аңшылыққа пайдаланып жүр" деген.
23 желтоқсандағы брифингте Ильин "бұл үшін ешқандай сыйақы алмағанын" айтты.
Министрдің сөзінше, "Қазавиақұтқарудан" бұл тікұшақты Business aviation компаниясы келісім-шартпен алған. Компания тікұшақты алғанда мақсатын басқаша көрсеткен.
"Кейін қызметтік тексеру жүргізіліп, жауапты адамдарға тәртіптік шара қолдандық. Олар бортқа қару және адамдарды кіргізгені үшін жазаланды" деп жауап берді министр Азаттық тілшісіне.
Ильин "Қазавиқұтқару" бюджеттен ақша алмайтынын, қажетті қаржыны келісіммен қызмет көрсету арқылы табатынын алға тартты. Бірақ мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған келісімнен "Қазавиақұтқарудың" мемлекеттен қаржы алғанын аңғаруға болады.
— Алда басқа компаниялармен келісім жасасқанда "Қазавиақұтқарудың" тікұшақтарын тек төтенше жағдайларға, медициналық көмектерге береміз, — деп уәде берді министр.
Азаттық Astana Business Aviation компаниясы "Қазавиқұтқарумен" келісім жасасқанын, ақшаны сағатына төлегенін анықтады. Министр бұл қаржы тікұшақ паркінің қажетіне жұмсалады дейді.
Ильин брифингте Азаттықтың "Қазавиақұтқарудың" тікұшақтарын жалға алу бағасы қанша?" деген сұрағына жауап бермеді. Бірақ кейін министрліктің баспасөз қызметі тікұшақты жалға алу бағасы оның типіне байланысты болатынын айтты.
"Astana Business Aviation компаниясы "Қазавиақұтқаруға" тікұшақты пайдаланған үшін 5 374 218,37 теңге (12,4 мың доллар) төледі. Министрлікке қарайтын "Қазавиақұтқару" заңмен тыйым салынбайтын ақша табу әдістерін пайдаланып, қызмет көрсете алады" деді министрліктің баспасөз қызметі.
ПІКІРЛЕР