Accessibility links

"Қиналып кеттік, елге жете алмай қалдық". Ауғанстандағы туыстарын әкетуге барған қазақтардың машақаты


Қазақстан азаматы Шермамед Маханұлы Ауғанстандағы отбасын елге әкеле алмай жүр. (Суретте Шермамедтің әйелі мен балаларының беттері көрсетілмеді).
Қазақстан азаматы Шермамед Маханұлы Ауғанстандағы отбасын елге әкеле алмай жүр. (Суретте Шермамедтің әйелі мен балаларының беттері көрсетілмеді).

"Талибан" әскері (Қазақстанда террористік ұйым деп танылған) Ауғанстанға үстемдік орната бастаған тұста сондағы қазақтардың Қазақстанда тұратын туыстары жақындарын алып қайту үшін Өзбекстан арқылы Кабулға барған. Алайда Қазақстан консулдығы олардың туыстарына виза бермей отыр. Консулдық Ауғанстандағы саяси жағдайға байланысты виза беру тоқтап тұрғанын алға тартады.

"ҚАЗАҚПЫЗ, ЖАНЫМЫЗ ДА ҚАЗАҚ"

Шымкент тұрғыны Шамсадин Абулкарим шілдеде Өзбекстанның Термез қаласы арқылы Ауғанстанның Фараб провинциясы Андхой қаласына жеткен. Ол Ауғанстанда қалған әпкесі мен оның отбасын, жиыны 38 туысын әкету үшін барған.

Қазір Шамсадин Кабул қаласында, Қазақстан консулдығына жиі барып, виза алудың машақатымен жүр.

Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Шамсадин Абдулкарим
Ауғанстаннан Қазақстанға көшіп келген Шамсадин Абдулкарим

- Бес айдан бері Ауғанстанда жүрмін. Былтыр апайымның үлкен ұлы тәліп жасағының оғынан қаза тапты. Апайым "мені алып кетіңдер, қалған балаларым қашан өледі деп күтіп отырамын ба" деп хабарласа берген соң шілдеде Ауғанстанға келген едім. Ол кезде тәліптер Кабулды әлі басып алмаған еді ("Талибан" Кабулды 15 тамызда алған – ред.). Қазақстан елшілігі виза береміз деп бізді 13 тамызда шақырды. Бірақ ортада соғыс болып кетті де, біз жете алмай қалдық, - дейді Шамсадин өзбек тіліне жақындау акцентпен.

Шамсадиннің туыстары Азаттық редакциясына Ауғанстанда түсірген видеоларын жолдады. Видеода аядай бөлмеде 30-ға жуық адам отыр. Араларында балалар көп. Сөз алған ересектер "қазақпыз, жанымыз да қазақ" деп, Қазақстан билігінен көмек сұрайды.

"Қанымыз да, жанымыз да сіздерсіздер. Қиналып кеттік, әкетіңіздер, жәрдем қылыңдар. Азапталдық, жұмыс та жоқ. Қазақ еліне барайық, бәріміз де қазақпыз" дейді ішіндегі әйелдердің бірі.

Осыған дейін де интернетте өздерін "ауған қазақтарымыз" деген басқа да адамдардың видеосы тарап, олар да Қазақстан билігінен Ауғанстаннан әкетуге жәрдем сұраған еді.

Шамсадин туыстарын көшіріп алу үшін Қазақстанның Кабулдағы консулдығына өтінішті бірнеше ай бұрын тапсырған. Бұл өтініш консулдықта құрылған комиссияның қарауына да өткен. Бірақ консулдық әлі жауап бермеген.

Шамсадин виза беріп қалар деген үмітпен Кабулдағы Қазақстан консулдығына күнде барып жүр.

- Туыстарым түгілі өзім Қазақстанға жете алмай қалдым. Қыс түсіп кетті. Қазақстандағы отбасымның не болып жатқанын да білмеймін, - дейді ол.

15 жыл бұрын Ауғанстаннан Шымкентке көшіп келген Шамсадин Павлодар облысының бірнеше ауылының әкімдігімен туыстарын қоныстандырсам деп келісіп те кеткенін айтады.

- Туыстарымның барлығы Қазақстанға көшіп келем деп Ауғанстандағы үй, дүние-мүлкін, малдарын сатып, шетелге шығатын паспортын қолдарына алып, дайын отыр. Мына жақтан мен де Павлодар облысы Екібастұз қаласы мен Әлкей Марғұлан атындағы және Шідерті ауылына қоныстандыру мақсатында жергілікті басшылықпен келістім. Олар балалардың оқуына көмектесіп, үй-жай береміз, жұмыспен қамтимыз деп уәде еткен. Сол бойынша олармен келісімшартқа отырып, барлық құжатты Ауғанстанға алып келген едім, - дейді Шамсадин.

Шамсадиннің жеті баласы бар, үлкені – 12 жаста, кенжесінің дүниеге келгеніне бірнеше ай ғана болған. Оның жеті баласы мен әйелінен бөлек 84 жастағы кәрі анасы да Қазақстанда.

- Жаңа туған баламды әлі көрген де, иіскеген де жоқпын, - дейді Шамсадин.

Шамсадиннің Қазақстанда қалған отбасы мен бала-шағасының жағдайы да "мүшкіл". Оның жиен қарындасы Ангома "ағамның отбасының халі нашар, біз қолымыздағы барымызды беріп, көмектесіп отырмыз" деп күрсінді.

- Бұл жақтан біз де бірнеше рет Ауғанстанға қаражат жібердік. Бірақ ол не болады? Кабулдан Ташкент арқылы ұшып келуге болады екен. Бірақ билет 550 доллар тұрады. Оған ақша таба алмай отырмыз. Нағашым қазір бір таныстарының үйінде тұрып жатыр. Ауғанстандағы туысқандарымызбен де сөйлесіп отырмыз. Сондағы бір ағамыз мемлекеттік қызметте істеген еді. Қазір үйден шыға алмайды, базарға барса танып қоя ма деп қорқады, - дейді Ангома Ауғанстандағы туыстары жайлы.

"АУҒАНСТАНДА ӨМІР СҮРУ ҚИЫН"

Ауғанстанда қалған туыстарын көшіріп алу үшін Шамсадинмен бірге 28 жастағы Абдулкабир Уакилхан да барған. Оның ата-анасы, тұрмыстағы қарындасы және енесі Мазари-Шариф қаласында тұрады. Абдул Кабирдің өзі Қазақстанға 2007 жылы көшіп келген.

Абдулкабирдің он бір баласы – бес қыз, алты ұлы бар. Ол да Қазақстанда қалған отбасына алаңдайды. Оған қоңырау шалғанымызда автобуспен Мазари-Шарифте тұратын туыстарынан ақша сұрау үшін кетіп бара жатқанын, күнделікті қажеттілікке керек қаражат қалмағанын айтты.

Абдулкабир Қазақстаннан барғанда қалтасында 1 миллион теңге болғанын, кейін де артынан балалары ақша жібергенін, бірақ ол ақшаның ештеңеге жетпегенін жасырмады.

- Мына жақта өмір сүру қиын. Тәліптер басып алғалы дүкендердің көбі жабық. Жұмыс жоқ. 50 келілік бір қап ұн шілдеде біз келгенде 1200 ауғани (шамамен 5100 теңге) болған. Қазір 3200 ауғани (13700 теңге) болды. Бір қап ұн алса болды, адамдар соған қуанады. Үйде тек нан пісіріп, соны ғана талғажау етіп отыр, - дейді Абдулкабир.

Оның сөзінше, Қазақстан консулдығы жанындағы комиссия оның туыстарының өтінішін қарап, қазақ деп таныған. Алайда Қазақстанға қашан жіберетіндерін айтпаған.

Абдулкабир Қазақстанның Ауғанстандағы консулдығы алдында өзі сияқты Қазақстаннан туыстарын алып кетуге келіп, виза сұрап жүрген он шақты адам барын айтады.

"ТОҒЫЗ БАЛАМ ДА ӨЗБЕК БОЛЫП ЖАЗЫЛЫП КЕТТІ"

1999 жылы Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласынан Кентау қаласына көшіп келген Шермамед Маханұлы Ауғанстанда қалған әйелі мен тоғыз баласын Қазақстанға көшіре алмай жүр. Шермамед өзі – Қазақстан азаматы, ұлты қазақ. Ал әйел, бала-шағасы – Ауғанстан азаматтары.

- 21 жасымда Ауғанстанға келіп, Мазари-Шарифте бір өзбек қызымен бас қостым. Тоғыз балам бар. Үлкені – 16 жаста, кенжемнің туғанына екі жарым ай болды. Әйеліммен ислам дәстүрі бойынша неке қидырдық. Сондықтан екеуіміздің отбасылы екенімізді растайтын неке куәлігі жоқ. Балаларымның барлығы әйелімнің тегіне жазылған. Тоғыз баламның туу туралы куәліктеріндегі "ұлты" деген жерге "өзбек" деп жазылып кетті. Қазақстан азаматтығын алған соң Ауғанстанға ұн, бидай, ет тасып жүрдім. Саудада жүрген соң отбасым Ауғанстанда тұрған еді. Енді оларды Қазақстанға әкеткім келеді. Тәліптер келгелі сауда да тоқтады. Қазақстанның Ауғанстандағы консулдығы виза болады деген еді, бір жарым айдан бері күтіп жатырмыз, - дейді ол.

Азаттық тілшісі Қазақстанның Ауғанстандағы консулдығына бірнеше рет хабарласып, Абдулкабир Уакилхан, Шамсадин Абулкарим және Шермамед Маханұлының жақындарына не үшін виза берілмей жатқанын, Ауғанстанда виза беру мәселесі неге баяу жүріп жатқанын білмек болған. Бірақ консулдықтан ешкім телефон тұтқасын көтермеді.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың ресми хатына ашып жауап бермеді. Тек "Ауғанстандағы саяси-әскери жағдайға, сонымен қатар ауған билігінің өз азаматтарын құжаттандыруына байланысты виза беру үрдісі уақытша тоқтатылды" деді.

Қазақстанның Кабулдағы консулдығы алдында тұрған адамдар. 5 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақстанның Кабулдағы консулдығы алдында тұрған адамдар. 5 қыркүйек 2021 жыл.

Министрлік "тиісті визаларын алған қандастар Ауғанстан арқылы келе алмаса Иран не БАӘ арқылы транзитпен Қазақстанға келу мүмкіндіктері бар екеніне назар аударамыз" деп мәлімдеді.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Кабулдағы консулдығы жанынан құрылған комиссия Ауғанстанда 20 қазақ отбасы, жиыны 200 қазақ барын анықтағанын айтады.

Шариғат заңына сүйенетін "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда билікке келген тұста елден халық жаппай қашып, шетке кетудің барлық жолын іздей бастады. Ауғанстандағы қазақтармыз деген жұрт та Қазақстан билігінен көмек сұраған еді.

Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Ауғанстандағы қазақтарға көмектесуді тапсырған. Артынша Қазақстанның Ауғанстандағы консулдығы жанында арнайы комиссия қазақпыз дегендердің ұлтын анықтауға кіріскен. Биыл қыркүйекте үкімет Ауғанстаннан Қазақстанға 35 қазақ жеткізілгенін хабарлады.

Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізген сәт. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.
Қазақстан әскери ұшағы ұлты қазақ 35 адамды Ауғанстаннан атамекенге жеткізген сәт. Алматы әуежайы, 9 қыркүйек 2021 жыл. Қазақстан СІМ таратқан сурет.

"Ауғанстан қазағымыз" дегендердің көбі комиссиядан өтудің, қазақ екенін дәлелдеу қиын екенін айтып шағынған.

АУҒАНСТАНДА НЕ БОЛЫП ЕДІ?

"Талибан" қозғалысы биыл жазда бірнеше айдың ішінде Ауғанстанның басым бөлігіне бақылау орнатып, 15 тамызда Кабулды соғыссыз алды. Ел президенті Ашраф Ғани елден қашып, Ауғанстандағы билік тәліптердің қолына өткен.

2001 жылы 11 қыркүйекте Нью-Йорктегі террор шабуылынан кейін АҚШ тәліптер террор шабуылын ұйымдастырған "Әл-Қаида" террорлық ұйымының жетекшісі Усама бен Ладенді жасырып отыр деп Ауғанстанға кірген.

Америка әскері Ауғанстанға кірген соң елді 1996 жылдан бері басқарған "Талибан" 2001 жылы биліктен кетіп, кейінгі 20 жылда ұрысты тоқтатпаған еді.

Биыл мамырда АҚШ президенті Джо Байден Америка әскерін Ауғанстаннан шығара бастаған. Осыдан соң "Талибан" қайта күшейіп, Ауғанстан аймақтарын бірінен соң бірін басып алды.

Халық тәліптер шариғат заңын қайта орнатып, жұрттың құқығын шектейді деп қауіптенеді. "Талибан" ұрлық жасағандардың қолын кесіп, адам өлтірді деп күдікке ілінгендерді, жұбайының көзіне шөп салды деп айыпталғандарды әділ сотсыз жұрттың көзінше өлім жазасына кеседі. Ер адамдарды сақал өсіруге, әйелдерді пәренжі киюге мәжбүрлейді. "Талибан" теледидар көру, музыка тыңдау, кинотеатрға баруға тыйым салып, 10 жастан асқан қыздардың мектепке баруына шектеу қояды.

Тәліптер билікке келген соң адам құқықтарын, әйел құқығын сақтайтынын мәлімдегенімен, сарапшылар тәліптердің сөзі іске аспағанын, Ауғанстанда адам құқығына қатысты айтарлықтай өзгеріс болмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG