Ауғанстанның Газни провинциясындағы "Талибан" билігі әйелдерге ер адам еріп жүрмесе дәрігерге баруына тыйым салды. Бұл жөнінде елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап Etilaatroz басылымы хабарлайды.
Осыған дейін әйелдер туыстарымен еріп ауруханаға баратын. Енді тәліптер ерлерсіз жүретін әйелдерді "заңсыз әрі әдепсіз" деп санап, дәрігерлерге жалғыз келген әйелдерді емханаға кіргізбеуді талап еткен.
Басылым дереккөзінше, бұл тыйым Ауғанстанның өзге де аймақтарына салынып жатыр. Мәселен, өлкедегі исламның әдеп министрлігі әйелдерге денесін және бетін ашып жүруіне тыйым салған.
Ауғанстан әйелдері енді толықтай қара түсті никаб киіп жүреді.
"Талибан" қозғалысы биыл тамыз айында Ауғанстан билігін басып алған.
Әлі бірде бір ел "Талибан" қозғалысының билігін мойындамай келеді. Қазан айында Ресей президенті Владимир Путин "Талибан" қозғалысын террористік ұйымдар қатарынан алып тастауы мүмкін екенін, бірақ бұл қадамды ең алдымен БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі жасауы тиіс екенін айтқан.
"Талибан" билікке келгелі бері елде ақпарат құралдарының 43 пайызы жабылған. 6400 журналист жұмысынан айырылған. Журналист-әйелдердің 84 пайызы қызметінен босатылған, оларға телеарнаға шығуына тыйым салынған. Ақпарат құралдарына да әйелдерді жұмысқа алуға тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР