Accessibility links

Тәжікстан қырғыз сақшыларын шекарада арандатпақ болды деп айыптады


Тәжікстанмен шекараға жақын Кок-Таш ауылы. Архивтен алынған сурет.
Тәжікстанмен шекараға жақын Кок-Таш ауылы. Архивтен алынған сурет.

Тәжікстан билігі Қырғызстан сақшылары мен азаматтарының "арандату әрекеттері" жайлы мәлімдеді. Тәжікстан ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің айтуынша, 22 желтоқсанда Лахш ауданы Чашма елді мекені аумағында "Тәжікстан шекарасын бұзған" қырғыз нөмірлі көлік ұсталған. Көлікте қаруы бар Қырғызстанның төрт шекарашысы болған.

"Шекараны заңсыз кесіп өткені жайлы түсіндірме жұмыстары кезінде қырғыз шекарашылары басшылықтың нұсқаулығымен әрекет еткенін айтты. Бұған дейін жасалған келісім талаптарына сәйкес, қырғыз шекарашылары Қырғызстан аумағына қайтарылды" делінген 24 желтоқсанда Тәжікстан Шекара қызметінің хабарламасында.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) әзірге оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Тәжік жағының мәліметінше, сол күні 22 желтоқсанда сағат 14.10 шамасында Соғды облысы Хистеварз елді мекені аумағында қырғыз нөмірлі КамАЗ көлігі шекараны бұзған. Бензовоз Қырғызстанға тиесілі болып шыққан.

"Заңды бұзған көлікті тоқтату мақсатында Тәжікстан шекарашылары жүргізушіге тоқтатыңыз деген белгі берді. Алайда жүргізуші тәжік шекарашыларының талаптарына құлақ аспай, көліктің жылдамдығын үдетті және шекарашылардың өздеріне шүйлікті. Қолданылған шаралардың арқасында көлік тоқтатылды. Ұстау кезінде жүргізуші зардап шекпеді" делінген Тәжікстан Шекара қызметінің хабарламасында.

Қырғызстан ҰҚМК бұған дейін оқиғаның жай-жапсарын өзінше түсіндірген. Бішкектің мәліметінше, КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісі жарым жолда тоқтап, арықтан су алмақ болған. Сол уақытта оның көлігіне үш тәжік шекарашысы отырып алып, көлікті Тәжікстан жағына айдауын талап еткен. Амалсыз көнген жүргізуші жолшыбай өзіне назар аударту үшін жолдың қарсы бөлігіне шығып, өзін тәжік шекарашыларының ұстап алғаны жөнінде хабар беруге тырысқан. Ақыры тәжік шекарашылары көліктен түсіп кеткен. Ал жүргізуші жылжыған кезде КамАЗ-дың соңына үш рет оқ атылған. Соның салдарынан Қырғызстан азаматына шағылған әйнектің үгінділері тиіп, аздап жарақат алған.

Тәжікстан Шекара қызметінің хабарлауынша, тағы бір оқиға 22 желтоқсанда сағат 23 шамасында болған: Қырғызстан азаматтары Соғды облысы Исфар қаласы маңындағы Сомониен ауылындағы Тәжікстан азаматының үйін атқылаған. Соның салдарынан үйдің терезелері шағылған.

Ал оқиғаны түсіндірген қырғыз тарабы "дәл осы мезетте "хлопушка дыбысына ұқсайтын" дыбыс естілгенін" айтады. Алайда тергеу амалдары барысында атыстың іздері анықталмаған дейді Қырғызстан Шекара қызметі.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара қашықтығы 970 шақырым, оның тек 519 шақырымы ғана белгіленген. Өткен айда екі елдің үкімет мүшелері қосымша 40 шақырым бойынша келісімге келгенін мәлімдеген.

Бекітілмеген шекара аймағында жиі дау шығып тұрады. Биыл мамыр айында қарулы қақтығыс болып, екі тараптан да ондаған адам көз жұмып, жүздеген адам жарақат алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG