Accessibility links

Ақтөбе облысында "мал жаппай ауырғаннан кейін" бірқатар шектеу қойылатыны белгілі болды


Ірі қара мал. Көрнекі сурет.
Ірі қара мал. Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Хромтау ауданының Қопа, Тамды ауылдарына алдағы 30 күн аралығында сырттан ірі қара мал әкеліп, ауылдан мал немесе мал етін шығаруға тыйым салынбақ. Бұл шектеу Қопа мен Тамдыдағы ірі қараның инфекциялық ринотрахеит жұқтыруына байланысты енгізілген.

Ақтөбе облысы ветеринария инспекциясының мәліметінше, желтоқсанның басында Қопа мен Тамды ауылының сиырлары жаппай ауыра бастағаннан кейін мүйізді ірі қараның қанына серологиялық, иммуноферменттік талдау жасалған. 28 желтоқсан күні ветеринарлар Нұр-Сұлтан қаласындағы "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығына" сілтеме жасап, Қопа мен Тамдының сиырлары инфекциялық ринотрахеит жұқтырғанын хабарлады.

- Екі ауылда он бес бас сиыр ауырған. Барлығы жазылып кетті. Қазір ауыл ветеринарлары қора-қопсыны түгел залалсыздандырып жатыр. Инфекциялық ринотрахеиттің алдын алу үшін сиыр малы толық егіледі, - дейді Ақтөбе облыстық ветеринарлық инспекциясының басшысы Кеңес Қанатбаев.

Шектеу 29 желтоқсаннан бастап күшіне енеді.

Желтоқсанның басында Азаттыққа Қопа мен Тамды ауылдарының тұрғындары сиырларына жергілікті ветеринарлар нұсқауымен аусыл ауруының алдын алатын вакцина сала бастағанын хабарлаған болатын. Облыстың бас ветеринары "Біз ондай нұсқау бергеніміз жоқ. Бұл - халықтың білместігі" дейді.

Хромтау ауданындағы Қопа мен Тамды ауылдары бір округке қарайды. Қопа ауылдық окуругінің әкімі Айгүл Бұсырманова екі ауылда қанша бас сиырдың инфекциялық ринотрахеит жұқтырғанын нақты айта алмады. Тамды ауылының тұрғыны Дамир Самидуллин облыстық ветеринарлық инспекцияның "он бес сиыр ауырды" деген ақпаратын жоққа шығарып отыр. Самидуллинның сөзінше, Тамды ауылының сиырлары бір астаудан су ішеді.Осы себепті желтоқсан айында Тамдыдағы ірі қараның 70-80 пайызы індет жұқтырған.

Мүйізді ірі қараның індетіне байланысты осыған дейін Ақтөбе облысы Алға ауданының Бестамақ, Қарағаш ауылдарында да шектеу енгізілген. Ақтөбе әкімдігі ауыл тұрғындарының "малымыз аусыл жұқтырды" деген сөзін жоққа шығарып, Алға ауданының сиырлары инфекциялық ринотрахеит жұқтырғанын хабарлаған болатын.

Әкімдік Ақтөбенің Хромтау ауданында мал шығыны болмағанын айтады. Ресми дерекке қарағанда, індет тарай бастаған күз айларында Алға ауданы Қарағаш ауылындағы "Бес ата" шаруа қожалығында екі бас сиыр арам өлген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG