Accessibility links

Бекболат Тілеухан мәжілістен кетті


Бекболат Тілеухан.
Бекболат Тілеухан.

29 желтоқсанда мәжіліс Бекболат Тілеуханның депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты. ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың айтуынша, депутаттың өзі кету туралы өтініш берген. Оның өтінішін депутаттардың барлығы бір ауыздан қолдады.

"Артық айтқан сөзім болса кейбір әріптестерімнен кешірім сұраймын" деді Тілеухан мәжіліс жиыны кезінде.

Бекболат Тілеухан желтоқсан айында Азаттық тілшісіне берген пікірінде "Шаңырақ оқиғасы" бойынша ұзақ жылға сотталған, жуырда түрмеден босатылғаннан кейін көп ұзамай қайтыс болған диссидент Арон Атабекті кінәлай сөйлеп, Азаттықты айыптаған.

29 желтоқсанда ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген ол мәжілістен кетуіне бұл оқиға әсер етпегенін меңзеді. "Мұндай шешім қыркүйек айында қабылданған" деді ол. Ал ОСК өкілі журналистерге Тілеуханның "кету туралы өтінішті 28 желтоқсанда бергенін" айтты.

"Этика комиссиясынан ескерту келген жоқ па?" деген сұраққа экс-депутат "келсе, келіп жатқан шығар" деді.

Бұған дейін мәжілістің этика жөніндегі комиссия жетекшісі Дархан Мыңбаев Тілеуханның Азаттыққа берген сұхбатын "депутаттың өз ойы" деп атаған.

Видео: Бекболат Тілеухан Арон Атабек пен Азаттық радиосын "елбұзар" деп айыптады (8 желтоқсан 2021 жыл).

Бекболат Тілеухан Арон Атабек пен Азаттық радиосын "елбұзар" деп айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:17 0:00

Ол енді бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы вице-президенті қызметін атқарады. Негізгі кеңсесі Стамбулда.

Бекболат Тілеухан – парламентте ұзақ отырған шенеуніктердің бірі. Өзінің айтуынша, "мәжілістің үш шақырылымында бес жыл депутат болған". Сәрсенбі күні ол "мәжілістен кетсе де, "Нұр Отаннан" кетпейтінін, саяси көзқарасы өзгермегенін" айтты.

Бекболат Тілеухан 1966 жылы Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Қазақ ұлттық техникалық университетін инженер-металлург және Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясын орындаушы мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары өнер саласында оқытушы болып істеді, президент оркестріне жетекшілік еткен. Мәдениет министрлігінде түрлі қызмет атқарды, мәдениет вице-министрі болды. "Нұр Отан" партиясы атынан мәжілістің үшінші, төртінші,алтыншы және жетінші шақырылымына депутат болып сайланған.

Бұған дейін Тілеуханның кейбір мәлімдемелері қоғамда дау туғызған. Ол наурыз айында Алматыда өткен әйелдер шеруіне қатысты "азғындық", "құбыжық құбылыс" деген сөздер қолданып, сынға қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG