Accessibility links

Әділет министрі Еуропарламент депутаты тапсырған "саяси тұтқындар" тізімі туралы айтты


Әділет министрі Марат Бекетаев.
Әділет министрі Марат Бекетаев.

Әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстанда саяси тұтқын жоқ және болған емес деп мәлімдеді. Сәрсенбі күнгі брифинг кезінде ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берген Бекетаев Еуропарламент депутаты Ружа Тун тапсырған тізімде "қарапайым қылмыс жасаған" азаматтардың аты-жөні жазылғанын айтты. Бұл жөнінде Vlast сайты хабарлады.

Қыркүйектің соңында Еуропарламент депутаты Ружа Тун Брюссельде Марат Бекетаевпен кездесу кезінде оған елде саяси қудаланған белсенділер мен саяси тұтқындардың тізімін тапсырған еді. "Әріптестіктен бас тартпаймыз, бірақ адам құқығын бұзғандарға санкция салуды талап етеміз" деп жазған еді Тун Twitter'де.

Сәрсенбі күні бұл кездесу жөнінде министр:

– Бұл кездесу іскерлік ас кезінде болды, одан кейін ол (Ружа Тун – ред.) маған тізімді берді. Ас кезінде оған Қазақстанда саяси тұтқындар жоқ және болмайды деп бірден айттым. Себебі, біздің ойымызша тізімде бар адамдар қылмыс жасаған, – деді Бекетаев.

Ол бұл мәселені саясиландырмау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, тізімдегі азаматтардың ісіне қатысты барлық ақпарат (кім қашан қандай қылмысы үшін сотталды, айғақтар – М.Б.) Еуропарламент пен осы мәселені қозғап жүрген өзге ұйымдарға жіберілген.

"[Еуропарламенттен] әлі күнге дейін арандату сипатындағы мәлімдемелерден басқа жауап алмадық. Адам құқығын қорғау мәселесіне бұлай қарау дұрыс емес деп санаймыз" деді Бекетаев.

Қазақстанда құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған оннан астам адам бар. Олардың басым бөлігі – Нұр-Сұлтан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, алайда Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған "Қазақстанның демократиялық партиясы" мен "Көше партиясына" қатысы бар деп айыпталған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда кемінде 500-ден астам адам демократияны талап етіп, пікірін айтқаны үшін қудаланған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін адам құқығын шектемеуге, белсенділерді қудаламауға шақырып келеді. Жуырда Еуропарламент Қазақстан үкіметінің адам құқығының жай-күйін жақсарту уәдесі сөз күйінде қалып қойды деп сынаған. Еуропарламент комитеті өткізген тыңдауда еуропалық саясаткерлер мен құқық қорғаушылар Қазақстанда саяси тұтқын деп танылғандар тізімі үнемі толығатынын, Нұр-Сұлтанға сөзден іске көшетін уақыт жеткенін айтқан.

Ал Қазақстан билігі елде саяси қудалау барын мойындамайды. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов "қазір Қазақстанда совет заманындағыдай саяси қуғын-сүргін жоқ" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG