Accessibility links

Мәскеу соты "Мемориал" құқық қорғау орталығын жабу туралы шешім шығарды


Мәскеудегі "Мемориал" құқық қорғау орталығының кіреберісі. 28 желтоқсан, 2021 жыл.
Мәскеудегі "Мемориал" құқық қорғау орталығының кіреберісі. 28 желтоқсан, 2021 жыл.

Мәскеу қалалық сотының судьясы Михаил Казаков әділет министрлігінің шешімімен 2014 жылы "шетелдік агент" деп танылған "Мемориал" құқық қорғау орталығын тарату туралы Ресей астанасы прокуратурасының талабын қанағаттандырды.

Бір күн бұрын Жоғарғы Сот КСРО ыдырағанға дейін құрылған елдегі ең көне құқық қорғау ұйымы — "Мемориал" халықаралық тарихи-ағартушылық қоғамын да жапқан.

Прокуратура "шетелдік агент" туралы заңды "өрескел әрі жүйелі түрде" бұзғаны үшін "Мемориал" орталығын жоюды талап еткен. "Әлеуметтік-мәдени сараптама орталығы" сарапшылары құқық қорғау орталығының жарияланымдарынан "Хизб ут-Тахрир әл-Ислами","Таблиғи Жамаат","Ат-Такфир уәл Хижра" халықаралық террористік және экстремистік ұйымдар қатысушыларының және "Артподготовка", "Иегова куәгерлері" экстремистік ұйымдарының ісін ақтаудың "лингвистикалық және психологиялық белгілерін" тапқан.

Сонымен қатар, прокуратура құқық қорғау орталығының әлеуметтік желілердегі аккаунттарында "шетелдік агент" белгісі болмағанын ескерткен.

23 желтоқсандағы отырыста сөз сөйлеген прокуратура өкілдері "Мемориал" құқық қорғау орталығының материалдарында "шетелдік агент" белгісінің болмағанын және мемлекеттің теріс бейнесін қалыптастыру азаматтарды "күйзеліске" ұшыратуы мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар, прокуратураның пікірінше бұлай белгіленбеген материалдарды балалар да көруі мүмкін және бұл қауіпті.

Сотта "Мемориалдың" заңгерлері "шетелдік агент" туралы талап шыққан 2019 жылдан бастап әлеуметтік желідегі посттарға арнайы белгі қойып келе жатқанын, ал сайтқа бұл белгіні 2016 жылдан бастап салғанын дәлелдеді. Сонымен қатар, орталық өкілдері таңбалауға байланысты әкімшілік айыппұлдың барлығын төлегенін де айтты.

"Мемориал" заңгерлерінің айтуынша, орталық жарияланымдарының мазмұнын оларды арнайы білімі жоқ адамдар жүргізген, яғни лингвист және психологтың орнына мұғалім мен аудармашы сараптама жасаған. Сонымен қатар, әлгі мамандар тек прокурор көрсеткен материалдарды қараудың орнына басқа жарияланымдарды да қосып, соның негізінде қорытынды жасаған.

"Мемориал" құқық қорғау орталығы кеңесінің төрағасы Александр Черкасовтың айтуынша, "шетелдік агент" деген ат тағуына үзілді-кесілді қарсы болғанына қарамастан, орталық сол ереже негізінде есеп беріп, материалдарына арнайы белгі соғып жүр.

Ресейдің бас прокуратурасы 34 жыл бұрын жұмысын бастаған ең ескі халықаралық қоғам – "Мемориалдың" үстінен де дәл сондай шағым түсірген. Бас прокуратура ұйымның шетелден қаржыландырылатынына және оның да "шетелдік агент" белгісін дұрыс қоймайтынына, айыппұлдарды төлмегеніне назар аударған. Ұйымның заңгерлері сотта бұл талаптардың бәрін орындап жүргенін айтқан. 2021 жылғы 28 желтоқсанда Ресей Жоғарғы соты бұл ұйымды да жабу туралы шешім шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG