Accessibility links

Финляндия НАТО-ға кірер-кірмесін өзі анықтайтынын мәлімдеді


Финляндия президенті Саули Ниинистё (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Хельсинки, 3 наурыз, 2020 жыл
Финляндия президенті Саули Ниинистё (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Хельсинки, 3 наурыз, 2020 жыл

Ресей Украина шекарасына әскер шоғырландырды деген ақпарат Финляндияда "НАТО құрамына кіруіміз керек пе?" деген қоғамдық пікірді туғызды.

Ел президенті Саули Ниинистё мен премьер-министрі Санна Марин жаңажылдық құттықтауларында өзін осы әскери-саяси одақтың құрамына алуға өтініш айтып, НАТО-ға кез келген уақытта қайырылуға Финляндияның құқығы бар деді.

"Финляндияның өз жолын таңдау құқығы аясына НАТО-ға кіру мүмкіндігі де кіреді, бұл біздің шешімімізге байланысты" деді президент Ниинистё.

Премьер-министр Марин болса, әр ел қауіпсіздік саясатын өзі айқындайды дегенді айтты. "Біз тарихтан сабақ алдық, сондықтан таңдау құқығын [өзгенің қолына] беріп қоя алмаймыз" деді ол.

Өткен аптада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Финляндия мен Швеция НАТО-ға кірсе, мұның үлкен әскери әрі саяси салмағы болуы мүмкін, бұған Ресей тиісті жауап қатуға мәжбүр болады деп мәлімдеген.

Соңғы апталарда Ресей Украинамен шекара маңына әскер шоғырландырып жатыр деген ақпарат тарады. Тіпті Батыстың кей сарапшылары Ресей Украинаға әскери шабуыл бастауы мүмкін деп болжам айтты. Бұған алаңдаушылық білдірген Батыс елдеріне жауап берген Мәскеу соғысқа дайындалып жатқанын жоққа шығарды, бірақ НАТО-ның шығысқа, соның ішінде бұрынғы Совет одағы аймағына қарай кеңеймеуін басты талап етіп қойды.

Ресей 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алған. Бұған қоса Украинаның шығысында жүріп жатқан сепаратистік соғысқа Ресейдің араласып отырғаны жиі айтылады. Бұл үшін Батыс елдері Мәскеуге санкция да салған.

Финлядия – солтүстік Еуропадағы парламенттік республика. 5,5 миллион тұрғыны бар бұл ел 19 ғасырда Ресей империясының құрамында болып, 1917 жылы тәуелсіздік алған. 1995 жылдан Еуроодақ мүшесі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG