4 қаңтарға қараған түні «Сарыағаш-информ» газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы үйінің маңында ұлы Дінмұхамедке белгісіз адамдар оқ атып, жаралады. Батырбеков мұны журналистік қызметімен байланыстырады.
Амангелді Батырбековтің Азаттыққа айтуынша, 3 желтоқсанда түнгі сағат 23:00 шамасында бетіне ақ маска таққан, қолын дәкемен орап алған белгісіз адамдар есігін қаққан. Есікті ашқан қызынан әкесін шақыруды сұраған. Сәлден соң сыртқа шыққан Батырбеков үйінің жанындағы дүкен жақтан ұлының жан дауысын естіген.
- Сыртқа шыққаным сол оқтың үні естілді. Оқ ұлымның иығы мен арқа тұсына тиіпті, - дейді журналист.
Батырбековтің ұлы Сарыағаш аудандық ауруханасының жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оқ кеудеден өтіп, екі иығының бұлшық етін жарақаттаған, соның салдарынан "травматикалық шок" алған.
Батырбеков бұл оқиғаны журналистік қызметімен байланыстырады. Айтуынша, қараша айында Facebook парақшасында жазба қалдырған. Онда Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма прокуроры мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарын "не байланыстыратынын" айына бір рет шығатын өзі басқарып отырған «Сарыағаш-информ» газеттің алдағы нөмірінде оқи алатыны жазылған. Бұл мақаланың шықпауын сұрап араға бірнеше адам түрлі ұсыныспен шыққан. Журналист ешкімнің ұсынысын қабылдамай, мақаланың шығатынын ескерткен. Батырбеков шабуылды Facebook'тегі мына жазбасымен де байланыстырады. Онда Сарыағаштағы балабақшалардың бірінің жұмысы жөнінде айтылады.
Сарыағаш аудандық полиция басқармасы "Адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша оқиға тіркелгенін хабарлады.
"Сонымен қатар жедел түрде құрамында криминалдық полиция басқармасының полицейлері бар арнайы топ құрылды. Бүгінде Түркістан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі тәжірибелі полицейлермен бірге оқиға орнында жұмыс атқарып жатыр. Қылмысты ашуға бағытталған шаралардың барлығы жасалып жатыр" делінген полиция хабарламасында.
2021 жылы Facebook парақшасындағы жазбасына байланысты Түкістан облыстық сотының үш судьясы арызданып, Батырбековтің үстінен «жала жабу» бабымен іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр.
2020 жылы Батырбековтің үстінен бірнеше рет «жала жабу» және «қорлау» бабымен іс қозғалып, журналист ақталып шыққан. Ол кезде де істің қозғалуына оның әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған.
2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға қамаған. Бірақ Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.
ПІКІРЛЕР