Қазақстан президенті "азаматтардың өміріне тікелей қауіп төнуіне байланысты" Алматы облысында төтенше жағдай жариялады. Оның мерзімі Алматы қаласы және Маңғыстау облыстарындағыдай 19 қаңтарда аяқталады.
Тоқаев сонымен бірге аталған аймақта коменданттық сағат енгізді. Алматы облысының коменданты болып Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тағайындалды.
Төтенше жағдай мен коменданттық сағат кезінде төмендегідей шектеу шаралары күшінде болады:
– қоғамдық тәртіп күшейеді;
– ерекше маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарға күзет күшейеді;
– облыс аумағында қозғалыс, оның ішінде қоғамдық көлік қозғалысы шектеледі;
– жеке тұлғалардың құжаттары, көліктері, заттары тексеріледі;
– Алматы облысына кіріп-шығу шектеледі;
– Бейбіт жиын, қоғамдық шаралар, жарыс өткізуге тыйым салынады;
– Қару-жарақ, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнайы, улы заттар сатуға тыйым салынады. Дәрі-дәрмек, психтропты заттар, ішімдік, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше бақылау орнатылады.
Тоқаев төтенше жағдай кезінде туындайтын шығындарды өтеуге үкіметі резервінен қаражат бөлуді тапсырды.
Елде наразылық өршіген тұста 5 қаңтарға қараған түні Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілген болатын.
ПІКІРЛЕР