Accessibility links

Алматыда алаңда тұрған адамдарға шулы жарқылдақ граната ата бастады. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар


Алматы, 5 қаңтар, 2022
Алматы, 5 қаңтар, 2022

Алматының Республика алаңында қолында қаруы жоқ адамдарға оқ ата бастады. Алаңда бұған дейін түрлі наразылық шараларына шығып жүрген белсенділер тұрған. Бұл жөнінде Азаттық тілшісі хабарлады.

Журналист Әнуар Данияровтың сөзінше, Алматы уақытымен сағат 18:43-тен бастап оқ ата бастады. Назарбаев даңғылы жақтан Республика алаңына брондалған әскери машиналар келіп, шулы жарқылдақ граната атты. Оқ атылып жатқанын белсенділер Марат Тұрымбетов пен Әйгерім Төлеужанова да растады. Олар оқ атылған тұста алаңда болған. Әнуар Данияровтың айтуынша, бір адам қаза тапты. Өкпесіне оқ тиген жігітті Данияровтың қасындағы азамат ауруханаға алып бара жатқанда қаза тапты. Қаза тапқан - 18-20 жастағы жас жігіт.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашы топ өкілі Әйгерім Төлеужанованың айтуынша, алаңға келгендердің дені қарусыз жастар.

Алаңда тұрған наразы топ арнайы дағдарыс штабын құрып, билікке бірнеше талап қойған. Олар: ҰҚШҰ әскері кіргізілмесін, билік толық отставкаға кетсін, азаматтық қоғам өкілі лидері болатын уақытша үкімет құрылсын, халықты арандатушылардан қорғау үшін дружина жасақтары құрылсын. Наразы топтың қолында "Біз террорист емеспіз" деген үлкен плакат болған.

Сол маңда тұратын адамдардың айтуынша, қазір алаңда шулы гранатаның, оқтың дауысы естіліп тұр. Марат Тұрымбетовтың айтуынша, бес адам жараланған, оларды адамдар өздері ауруханаға тасып жатыр. Жедел жәрдем көліктері байқалмайды.

Алаңға жақын жерде тұратын белсенді Бэлла Орынбетованың айтуынша, Сәтбаев көшесінің бойымен алаңға қарай ішінде әскерилер бар бес патруль көлігі, 3 БТР, әскерилер бар 3 жүк көлігі кетіп бара жатыр.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылар емес.ё
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті. Қазір де интернет нашар.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG