Accessibility links

ІІМ: 26 "қарулы адам" өлтірілді, "меморгандардың ғимараттары бақылауда"


Алматы қаласындағы көрініс. 7 қаңтар 2022 жыл.
Алматы қаласындағы көрініс. 7 қаңтар 2022 жыл.

ІІМ елдегі арнайы операция кезінде 26 "қарулы адам" өлтірілгенін, 18 адам жараланғанын мәлімдеді. Күштік құрылымдар ел бойынша үш мың адамды ұстағанын да хабарлады. Министрлік бұл ақпаратты 7 қаңтарда таратты.

ІІМ "бұзақы топтармен" қақтығыс кезінде Алматы мен Шымкентте 216 әскери жараланғанын айтты. 6 қаңтарда ведомство күштік құрылымның 18 қызметкері қаза тапқанын мәлімдеген. Билік "бұзақы топтар", "қылмыстық топтар" деген терминді қолданса да, олардың нақты қандай топтар екенін айтпай отыр.

Бұған қоса, "Хабар 24" телеарнасы ІІМ-ге сілтеме жасап, күштік құрылымдар Алматыдағы әкімдік ғимаратын, президент резиденциясын және Республика алаңын бақылауға алғанын хабарлады. "Елде мемлекеттік органдардың барлық ғимараты бақылауда" деді телеарна.

Ал Азаттық тілшілерінің айтуынша, Алматы қалалық әкімдігінің ғимаратындағы өртті өшіріп жатқан адам байқалмайды, көшеде тәртіп сақтап жүрген орган өкілдері сирек, қираған және тоналған ғимараттардың біразы сол қалпы жатыр.

Vlast.kz сайтының жазуынша, прокуратура "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған және "терроризм" бабы бойынша тергеу бастады.

7 қаңтарда таңғы сағат 7-де Ақордада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев контртеррористік штабтың жиынын өткізді. "Негізінен елдің барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келді. Жергілікті органдар жағдайды бақылауда ұстап отыр. Бірақ террористік топтар әлі де қару қолданып, азаматтардың мүлкін бүлдіріп жатыр. Сондықтан содырларды толық жойғанша контртеррористік шараларды жалғастыру керек" деді Тоқаев.

Ол бұл жолы да қандай террористермен күресіп жатқанын, оларды неге содырлар деп атайтынын нақтылаған жоқ. Мұның алдында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерін шақыру туралы мәлімдемесінде президент "шетелде дайындалған бандалық топтармен" "ұрыс жүріп жатқанын" айтқан.

7 қаңтарда Тоқаев телеарна арқылы елдегі жағдайға байланысты мәлімдеме жасайтыны хабарланды. Елде интернет әлі нашар.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Халық елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • 5 қаңтар кешкі сағат бестен бастап түн жарымға дейін елде интернет өшті. Қазір де интернет нашар.
  • Тоқаев астанадан кетпейтінін, Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алатынын мәлімдеді. Бұған дейін бұл кеңесті елдің экс-президенті Назарбаев басқарып келген еді.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG