Accessibility links

Азаттық дереккөзі Алматыдағы Орталық алаң маңынан үш мәйітті көрген


Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.
Алматы, 7 қаңтар, 2022 жыл.

Азаттық дереккөзі 7 қаңтарда күндіз Алматының Республика алаңында үш адамның мәйітін өз көзімен көрген. Бірінші мәйіт Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшелерінің қиылысындағы арыққа түскен көлікте жатыр. Марқұм көліктің жүргізушісі болған сияқты. Екінші мәйіт Байсейітова көшесіндегі 42-үйдің алдында жатыр. Ол ашық жерде тұрғанда оқ тигенге ұқсайды. Үшінші мәйіт Сәтбаев пен Желтоқсан көшелері қиылысындағы көлікте жатыр. Көліктің алдыңғы әйнегіне әскери оқ тигені байқалады.

Мұның алдында Қазақстанның ішкі істер министрлігі елде жүргізілген арнайы операция кезінде 26 "қарулы адам" өлтірілгенін, 18 адам жараланғанын хабарлаған. Күштік құрылымдар ел бойынша үш мың адамды ұстағанын да айтты. Министрлік бұл ақпаратты 7 қаңтарда таратты.

ІІМ "бұзақы топтармен" қақтығыс кезінде Алматы мен Шымкентте 216 әскери жараланғанын айтты. 6 қаңтарда ведомство күштік құрылымның 18 қызметкері қаза тапқанын мәлімдеген. Билік "бұзақы топтар", "қылмыстық топтар" деген терминді қолданса да, олардың нақты қандай топтар екенін айтпай отыр.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда халыққа үндеуінде Алматыға "20 мың содыр шабуыл жасағанын". "содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Тоқаев үндеуінің көп бөлігі демократия және еркіндік, сөз бостандығы мен еркін жиналу бостандығына қатысты болды. Ешкімнің атын атамай сөйлеген Қазақстан президенті "содырлар» демократияны, сөз бостандығын желеу етіп жүр деді.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
  • Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
  • 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
  • 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ. ​
  • Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
  • 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
  • Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
  • 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG