Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Ақорданың ресми мәлімдемесінде "президент Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы шешім қабылдады" деп жазылған.
Үкібай: Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласында
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев елден кетіп қалды деген сөз көбейген тұста оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде "Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда" екенін жазды.
Үкібай 8 қаңтарда жариялаған твиттерінде "Елбасы Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласында. Жалған және спекуляциялық ақпараттар жарияламауды сұраймыз. Елбасы консультативті кездесулер өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен байланыс ұстап отыр" деп жазды.
Бұл - Назарбаев кеңсесінің елде жағдай нашарлағаннан бері жариялаған алғашқы хабарламасы.
Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпады. Әдетте Қазақстандағы негізгі тақырыптарға пікір білдіріп отыратын ол елде қаңтардың басынан бері болып жатқан жағдайға қатысты ешқандай сөз де айтпады. Елде жағдай ушыққан тұста интернетте Назарбаевтың шетелге кетіп қалғаны жайлы сөздер шыққан еді.
Журналист Аркадий Дубнов Facebook-тегі парақшасында Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының Дубайда ұсталғанын, ал экс-президенттің өзі Қытайда екенін жазған.
5 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
Қазақстанды отыз жылдай басқарған Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кеткен еді. Бірақ ол 2022 жылдың 5 қаңтарына дейін Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік басшысы ретінде билікке ықпал етіп отырған. Кейбір сарапшылар қаңтарда елде болған наразылық пен тәртіпсіздік Назарбаевтың ықпалын әлсіретті деп санайды.
8 қаңтар таңертең Алматы қаласында атыс дауысы естілген. Бұл туралы қала тұрғындары айтып жатыр. Республика алаңында әскерилер мен бронетехника тұр. Атыс дауысы таңғы алтыдан бастап оқтын-оқтын естілген.
Ресми мәлімет: Елде ұсталғандар 4 мыңнан асты
ІІМ елде барлығы 4266 адам полицияға жеткізілгенін хабарлады. Олардың көбі Алматы мен Шымкент қаласында, Алматы, Батыс Қазақстан, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл облыстарында. Министрлік ұсталғандар арасында шетелдіктер де барын айтады. Ведмство ұсталған шетелдіктердің жүзі көрші елден деді. Бірақ қай ел екені ашық айтылмады.
ІІМ Жамбыл облысында қару сақталған жер, Алматы қаласы Қалқаман шағын ауданында көлік жөндеу орталығында қару табылғанын мәлімдеді.
Осыған дейін "арнайы операция" кезінде 26 адам өлтірілгенін, 26 адам жараланғаны хабарланған. Бұдан бөлек, қарулы күштердің 18 қызметкері қаза болғаны айтылған.
ПІКІРЛЕР