Accessibility links

8 қаңтарда Шымкентте полиция төрт белсендіні ұстады


Шымкенттегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.
Шымкенттегі күзет. 7 қаңтар 2022 жыл.

8 қаңтарға қараған түні және түске дейін азаматтық белсенділер Айбек Сәбитов, Жанмұрат Аштаев, Нұрлан Сыздық, Ләззат Досмағамбетованы полиция үйінен әкеткен. Бұл туралы Азаттыққа белсенділер мен олардың туыстары хабарлады.

Аштаевтың әйелі Мөлдір Нұранованың сөзінше, түн ортасында қара киім киіп, маска тағып, қару ұстаған он шақты адам үйіне баса көктеп кірген. Аштаевты олардан отбасы арашалап алмақ болған. Інісін тепкілеп, басына қару кезегенде Аштаев оны босатуын, ерікті түрде баратынын айтқан. Бірақ оны сол кезде соққыға жыққан.

- Ұстау туралы ешқандай құжат көрсетпеді. Тек "аузыңды жап" деп бұйырды. Антитеррор сияқты келді, көзімізше ұрып-соқты, - дейді Нұранова.

7 қаңтарда Шымкенттегі шаразылыққа байланысты Түркістан облысы Темірлан ауылында белсенді Қайрат Сұлтанбектің үйіне тінту жасалып, ұсталғаны белгілі болған. Сұлтанбектің әйелі Ардақ 8 қаңтарда белсендінің үстінен Қылмыстық Кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) және 269-бабымен (Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу) қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынғанын хабарлады.

Ұсталғандар туралы полициядан әзірге ақпарат алу мүмкін болмады.
Бұл белсенділер 2021 жылы Әкімшілік кодекстің 405-бабымен (Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу) әр түрлі мерзімге бас бостандығы шектелген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG