Ақтөбе полиция департаменті жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айыппен, екі адамды қамауға алды және 9 адамның ісі енді қаралады. Департамент 7 қаңтарда полицияға 366 адам жеткізілгенін, оның 166-сына комендант сағатты бұзды деген айыппен әкімшілік іс қозғалғанын да хабарлады.
Бұдан бөлек, Ақтөбедегі наразылыққа қатысқан белсенді Қасай-Болат Жақсылықов 7 қаңтарда ұсталып, босатылған.
Полиция 4 қаңтарда митингіге қатысқан тағы бір белсенді Асқар Қаласовты ұстап, хаттама толтырған. Кейін оны 5 қаңтарда үйіне әкеп тастаған. Ал 8 қаңтар түскен кейін Қаласовтың әйелі Азаттық тілшісіне күйеуін полицейлер қайта әкеткенін айтты. Белсендіге қандай айып тағылғаны белгісіз. Қаласовтың "экстремистік ұйым жұмысына араласты" деген айыппен екі жылға бас бостандығы шектелген, оның митингіге қатысуына тыйым салынған еді.
Ақтөбелік белсенді Жанна Есмұрзаева да ұсталған, оның қайда екені белгісіз.
ШҚО полиция департаменті аймақта жағдай тыныш, бақылауда деп мәлімдеді. Полиция 5 қаңтарда Өскеменде алаңға 3 мың адам жиналғанын, облыстық әкімдік ғимаратының бір бөлігі бүлінгенін айтады.
Департамент кейінгі күндері облыста 500-дей адам ұсталғанын, 25 полицей зардап шеккеннін (20-сы – Семейден) мәлімдеді. Қарапайым тұрғындар арасында зардап шеккендер анықталып жатыр, қайтыс болғандар жоқ.
"Облыста полицияның 13 көлігі, Өскеменде полиция модулының посты бүлінді" деді департамент.
Шымкентте полиция департаменті 45 полицей жараланғанын, екеуі жансақтау бөлімінде жатқанын хабарлады. Азаттық тілшісінің айтуынша, қала әкімін полиция күзетіп тұр. Кей дүкен жабық, қоғамдық көліктер жүріп жатыр, көшеде адам аз, әуежай вокзал жұмыс істеп тұр. Азаттық тілшісі қала төбесінде ұшып жүрген екі әскери тікұшақты байқаған.
"Хабар 24" телеарнасы Жамбыл облысында бір полицейдің қаза тапқанын, органның жеті қызметкері жараланғанын, 92 адам ұсталғанын хабарлады.
8 қаңтарда Ақтау мен Жаңаөзенде билікке наразылық тарады. Елдегі наразылық 2 қаңтарда осы Жаңаөзен қаласында басталып, кейін Ақтау және басқа аймақтарға жалғасқан.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында да түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында - Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылға "террористік топтарды" айыптады. Бірақ ол айтқан "террористік топтардың" 2 қаңтардан бергі наразылыққа шыққандарға қатысы бар екеніне нақты дәлел жоқ.
- Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені белгісіз. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін анық айтпады. Кейінгі күндері Қазақстанда қандай да бір террорлық әрекеттер, әскери операция болып жатқаны жайлы ақпарат айтылмаған еді.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған.
- 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "мемлекетке опасыздық жасау" айыбымен ұсталды.
ПІКІРЛЕР