9 қаңтардағы оқиғаларға қысқаша шолу
Азаттық елдегі қазіргі ахуал жайлы мәтін түріндегі тікелей блог жүргізіп жатыр. 9 қаңтарда не болды? Шолып шығайық.
- ІІМ елде ұсталғандан саны 5969 адам болғанын хабарлады. Оның ішінде 133 адам "аса ауыр қылмыс жасады" деген күдікпен изоляторға қамалғаны. 516 адам әкімшілік қамауға алынған. Қалғандарына қатысты тергеу жүріп жатыр.
- Тоқаев ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімовтің орынбасары болған Дәулет Ерғожин мен Марат Осиповты қызметінен босатты. Мәсімов 6 қаңтарда мемлекетке опасыздық жасады" деген күдікпен ұсталған.
- Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібаев "Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын Тоқаевқа беру туралы шешімді өзі қабылдады" деген мәлімдеме таратты. Оның сөзі қазақстандық басылымдарда жарияланды.
- Тоқаев жедел әрекет ету штабының жиынында "елдің барлық өңірінде ахуал тұрақтанғанын, жағдайдың бақылауға алынғанын, органдардың әкімшілік ғимараттарын лаңкестерден тазартқанын" айтқан. Ақорда күштік құрылымдар "лаңкестердің" орналасқан жерін анықтау, "ұстау" жүріп жатқанын мәлімдеді. Билік лаңкестердің" нақты кім екенін айтпай отыр.
- 9 қаңтарда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елдегі тәртіпсіздіктен 164 адам қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды. Елде тәртіпсіздік кезінде 164 адам қаза тапты деген ақпарат жексенбі күні Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі телеграм каналында шыққан еді. Кейін ақпарат министрлігі мұны "техникалық қате" деді.
- Қазақстанның балалар құқығы жөніндегі уәкілі Аружан Саин Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде тағы бір баланың қайтыс болғанын хабарлады. Оның сөзінше, 7 қаңтар 19.00-де Сейфуллин және Сәтпаев көшесі қилысында көлікке оқ тиіп, 4 жасар қыз бала көз жұмған. Көлікте болған 9-сыныпта оқитын тағы бір қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр. Саинның сөзінше, елде екі бала қайтыс болып, үш бала жараланды.
- Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі күндердегі халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазғанын айтты. Кейінгі күндері әлеуметтік желіде, қазақстандық және шетелдік сарапшылар арасында Тоқаевтың кейінгі мәлімдемелері оның елде жаппай наразылық енді басталған күндерде жасаған мәлімделерінен өзгеше екенін айта бастаған.
- Берік Уәлидің сөзінше, 11 қаңтарда Тоқаев премьер-министрдің кандидатурасын ұсынады.
- Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін айтып жатыр. Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен. Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін айтып, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды деп дейді. Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдады.
Қазақстан билігі 164 адамның қазасы жайлы ақпаратты жоққа шығарып, "техникалық қателік" деді
9 қаңтарда Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі елдегі тәртіпсіздіктен 164 адам қаза тапты деген ақпаратты жоққа шығарды.
Елде тәртіпсіздік кезінде 164 адам қаза тапты деген ақпарат жексенбі күні Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиесілі телеграм каналында шыққан еді. Кейін ақпарат министрлігі мұны "техникалық қате" деді.
Бұл ақпаратты "Хабар 24" арнасы жүгіртпе жолда жариялады. "164 адамның қазасы" жайлы ақпарат халықаралық ақпарат агенттіктерінде де жарияланды.
Қазақстан үкіметі 5 қаңтардан бері алғаш рет қаза тапқандар жайлы толығырақ ақпарат бермей келеді. Бұған дейін ІІМ күштік құрылымның 18 өкілі мен 26 "қарулы адам" қаза тапқанын айтқан еді. Ал балалар құқығы жөніндегі уәуіл Аружан Саин Алматыда екі бала оққа ұшқанын мәлімдеген.
Қазақстан билігі елде жағдай ушыққан тұста интернетті толық бұғаттап тастады да, елде ақпараттық вакуум пайда болды. Елдегі ресми сайттардың басым бөлігі жабық. Жұрт тек мемлекеттік бақылауындағы арналардан ғана ақпарат алуға мәжбүр. Қазір Қазақстан тұрғындарында алтернативті ақпарат көздері жоқ.
Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін айтып жатыр.
Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен.
Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін айтып, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды деп дейді.
"Викрам Рузахунов халықаралық фестивальдардың лауреаты, оны елдегі өнерпаздардың көбі біледі. Видеода жұмыссызбын дейді. Олай емес. Ол музыкант, Қырғызстандағы жиындарға да қатыспаған. Қазақстанға жиі барып концерт қоятын" деді оның таныстарының бірі Азис Абакиров Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
Жақындары бірнеше күннен бері Рузахуновты таппай жүрген. Қырғызстан ішкі істер министрлігі Рузахуновтың Алматыға билетті желтоқсанда сатып алғанын, 2 қаңтарда Қазақстанға концерт қоюға кеткенін мәлімдеді.
9 қаңтарда бір топ қырғызстандық Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдына наразылық акциясын өткізіп, Рузахуновты босатуды талап етті. Акцияға Қырғызстан ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев те келді.
- Мемлекеттік органдар тарапынан ресми түрде Рузахуновтың "террорист емеспін" ресми түрде мәлімдейміз. Ол – қарапайым азамат, музыкант, тәртіпті адам. Таңертеңнен бері оны тексердік. Ол ешқандай тәртіпсіздіктерге, көшедегі шерулерге қатыспаған. Қазақстанның мемарналарында таратылған ақпарат қате. Тергеудің риторикасын өзгерту керек. Біздің азаматты терроризмге айыптау дұрыс емес, - деді Ташиев.
Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық соңғы тәртіпсіздікке ұласқан соң билік елдегі жағдайға "шетелде дайындалған террористерді" айыптай бастаған. Бірақ билік "террористердің" кім екенін нақты айтпай отыр.
ІІМ елдегі тәртіпсіздік басталғаны алты мыңдай адам ұсталғанын, арасында шетелдіктер де барын айтқан. Министрлік 120 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігі 164 адам қаза тапқанын, 2300 адам зардап шеккенін мәлімдеді.
Уәли "Тоқаев халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазған" дейді
Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың кейінгі күндердегі халыққа үндеулерінің бәрін өзі жазғанын айтты. Бұл жөнінде orda.kz телеграм-арнасы хабарлады. Бірақ Уәлидің желідегі аккаунттарында мұндай мазмұнда пост болған жоқ.
"Мемлекет басшысының соңғы шешімдері мен үндеулеріне қатысты блогосферада түрлі интерпретация болып жатқандықтан, мына жайтты хабарлауды жөн деп таптым: Қасым-Жомарт Тоқаев – мемлекеттің ең жоғары лауазымды қызметтегі тұлғасы, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы. Сондықтан ол шешімді өз бетімен қабылдайды. Қазақстанның конституциялық құрылымын бұзу үшін бандиттер шабуыл жасаған қайғылы күндерде де солай болды. Отандастарға арналған барлық үндеулерін ол әдеттегідей өзі жазды, сырттағы кеңесшілердің қолдауына сүйенген жоқ" делінген мәлімдемеде.
Соңғы күндері әлеуметтік желіде, қазақстандық және шетелдік сарапшылар арасында Тоқаевтың соңғы күндердегі мәлімдемелері оның елде жаппай наразылық енді басталған күндерде жасаған мәлімделерінен өзгеше екенін айта бастаған. Алғашқы үндеулерінде Тоқаев "халық пікіріне құлақ асу", "диалог", "саяси рефома" туралы айтса, соңғы күндері "террористер", "экстремистер", "бұзақылар" дегенмен қоса, "өзін еркін санайтын ақпарат құралдары", "шолақ белсенділер" деген сөздерді айтып, аты аталмаған жаулармен күресетінін мәлімдеп жүр.
ПІКІРЛЕР