Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде "Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келген" деп мәлімдеді. Тоқаевтың сөзін Ақорда жариялады.
Қазақстан басшысы "шабуыл жасағандарды" елге кім жібергенін айтпады. Ол "мұның террорлық шабуыл екеніне ешқандай күмәнім жоқ. Бұл – Қазақстанға қарсы жақсы ұйымдасқан, әбден дайындалған агрессиялық акт. Олардың пиғылы біздің аумақты бақылауда ұстайтын хаос аймағына айналдыру, содан кейін билікті басып алу болды. Сондықтан Қазақстанда лаңкестікке қарсы операция басталды" деген.
Ол шабуыл жасағандарды кім жібергенін айтқан-айтпағаны белгісіз. Бұл жайында Ақорданың хабарламасында айтылмайды.
Тоқаев бұл сөзін Батыс елдері, халықаралық ұйымдар тарапынан мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырған мәлімдемелер көбейген тұста, шетелдік басылымдар елдегі жайтқа баса назар аудара бастағанда айтты.
Қазақстан билігі 5 қаңтарда басталған тәртіпсіздікті "террорлық акт", "шетелде жаттыққан содырлардың шабуылы" деп сипаттайды және "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" дейді. Осыған дейін президент тарапынан "террористердің" кім екені, қайдан келгені айтылмай келген еді.
10 қаңтар Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды. Елде жағдай тұрақтала бастағаны, әскерилер елдегі нысандарды "бақылауына алғаны" айтылды.
- 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден 120 теңгеге көтерілгеніне қарсы шыққан. Кейін Жаңаөзендегі наразылықты елдің басқа аймақтары да қолдады. Үкімет Маңғыстау облысында газ бағасы елу теңге болады деп шешім шығарса да, наразылық басылмады.
- Наразылар елдегі қымбатшылықты айтып, биліктің отставкасын және 1993 жылғы Конституцияны қайтаруды талап қылған.
- 5 қаңтар түнде Алматыда мыңдаған адам Республика алаңына жиналды. Полиция оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ, шулы граната қолданды. Елдің басқа аймақтарында түнде наразылық жалғасты.
- 5 қаңтар түске таман президент Тоқаев үкімет отставкасын қабылдады. Елдің басқа аймақтарында Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасып жатты.
- 5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Елде бейбіт митинг қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақтарды кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны жайлы нақты белгісіз.
- Тоқаев елдің экс-президенті Назарбаев басқаратын Қауіпсіздік кеңесінің басшылығын өз қолына алатынын жариялады.
- Тоқаев 6 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесі жиынында Алматыдағы шабуылды "агрессия актісі" деп, оған "террористік топтарды" айыптады. Сол кезде Қазақстан президенті "террористік бандиттер" деп атаған адамдардың кім екені айтпады. Тоқаев оларды бұлай атауға қандай негіз болғанын, олардың қайдан келгенін, неге мұны "агрессия" деп есептейтінін де анық айтпады.
- 5 қаңтарда елде жағдай ушыққан тұста Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Ұйымға мүше Ресей, Армения, Беларусь Қазақстанға көмекке әскер жіберетіндерін мәлімдеді. 6 қаңтар кешкісін ресейлік әскерилер елге жетті. Қоғамда шетелдік әскерилердің кіргеніне қарсылық өршіді.
- Билік елде толығымен төтенше жағдай жариялаған. Интернет өте нашар, жиі өшіріледі.
- 7 қаңтарда Тоқаев "содырларға оқ атуға бұйрық бергенін" мәлімдеді. Ал 8 қаңтарда Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі, ҰҚК бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов "отанға опасыздық жасады" деген айыппен ұсталды.
ПІКІРЛЕР