Accessibility links

Қаңтардағы оқиға кезінде сегіз аймақта 53 әкімдік ғимараты бүлінген


Қаңтардағы оқиға кезінде өртенген Алматы қаласының әкімдігі.
Қаңтардағы оқиға кезінде өртенген Алматы қаласының әкімдігі.

Қаңтардағы оқиға кезінде Қазақстанның сегіз аймағында 53 әкімдік ғимараты бүлінген. Орта және шағын кәсіпкерлерге тиесілі 151 нысан қираған. Бұлар Алматы қаласы, Шымкент, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы, Атырау облысы, Ақтөбе облысында орналасқан. Оқиғадан ең қатты зардап шеккен - Алматы қаласы. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 12 қаңтар күнгі үкімет отырысы кезінде осылай деп мәлімдеді.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Алматыда барлығы 166 нысан бүлінген не қираған. Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік нысандар 20 ақпанға дейін жөнделеді.

Өскенбаев сәрсенбі күнгі үкімет отырысы кезінде аймақтарда темір жол қозғалысы, қоғамдық көліктер қалпына келтірілгенін айтты.

Бұған дейін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы елде 1528 бизнес субъектісі зардап шеккенін, 1408-і Алматыда екенін хабарлаған. Жалпы шығын көлемі 95,3 млрд теңгеге жетті деп айтылады.

Жаңа жыл енісімен басталған Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан. Алматыда әкімдік ғимараты мен сауда орындары, банк бөлімшелері тоналып, қиратылды. Өзге қалалардағы әкімдіктер мен коммерциялық нысандардың қирағаны да хабарланған. Елде төтенше жағдай жарияланып, интернет өшірілді. Интернет бірнеше күнге созылған бұғаттаудан кейін тек 11 қаңтарда күні бойы берілді.

Оқиғадан кейін бір аптаға жуық уақыт өтсе де, билік оқиғадан қаза болғандардың нақты санын айтпай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG