Accessibility links

Ақорда Назарбаев пен оның жақындарына қарсы науқан бастады ма?


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінде. Нұр-Сұлтан 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның ізбасары Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мерекесінде. Нұр-Сұлтан 2019 жыл.

Қазақстанда қақтығыстар легі басылып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікті қолына алғанға ұқсайды. Енді нысанаға экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның туыстары ілінетін көрінеді.

Қазақстанда бейбіт жиын түрінде басталған наразылықтарға қарулы топтар араласып, Алматы мен басқа қалаларда қанды қырғынға ұласқан еді. Елдегі жағдай енді тұрақталып келеді.

Тәртіпсіздіктер кезінде елде қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен биліктен кеткен соң да біршама тетікті сақтап қалған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында билікке талас болып жатқаны байқалды.

Елдегі тәртіпсіздіктер тоқтағанға ұқсайды, ал бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның жақындарын не күтіп тұрғаны белгісіз.

Басында билікке тартыста кім жеңеді деген күмән болғанымен, 11 қаңтарда Тоқаев оған нүкте қойғандай болды. Парламент сессиясына қатысқан ол Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі компанияның жұмысын, қыруар шығын кететін мемлекеттік бизнесті тоқтатуды бұйырды.

"Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда "Оператор РОП" компаниясының қызметіне байланысты сауалдар көп" деді Тоқаев.

2015 жылы құрылған "Оператор РОП" елде монополия орнатқан.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев 12 қаңтардағы Үкімет отырысында 2016 жылдан бері компанияға 692 миллиард тенге (шамамен 1,6 миллиард доллар) қаражат түскенін айтты.

Назарбаевтан хабар жоқ, қызы "ауырып жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

Компанияның веб-сайтында Назарбаевтың фотосында өңір әкімдерін "Оператор РОП" компаниясымен жұмыс істеуге шақырған сөзі жазылған.

11 қаңтарда Тоқаев Назарбаев отбасының қыруар байлығы мен мүлкіне қауіп төніп тұрғанын анық байқатты.

5 қаңтарда Тоқаев Қазақстан Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болғанын жариялады. Мұны көбі 81 жастағы Назарбаевтың басына бұлт үйірілгенінің белгісі деп түсінді.

Назарбаев 2019 жылы наурызда президенттіктен кетіп, орнына Тоқаевты қалдырған соң да осы қызмет арқылы ықпалын сақтап отырған.

9 қаңтарда Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығынан өз еркімен кеткенін мәлімдеді. Бірақ оның сөзін билік өкілдерінің ешбірі қайталамады.

"Елбасы" Нұрсұлтан Назарбаевтың қайда екені жайлы қауесет көп. Ол 28 желтоқсаннан бері халық алдына шықпаған. Ал 8 қаңтарда Айдос Үкібай Назарбаевтың Нұр-Сұлтан қаласында екенін жазды.

11 қаңтардағы сөзінде Тоқаев бірінші президенттің "арқасында" елде "өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды" деді.

Тоқаев "Қазақстан халқына" деген арнайы әлеуметтік қор құрылатынын, оған кәсіпорындар "қомақты және жүйелі түрде жарна" салатынын мәлімдеді.

Ол үкіметке компаниялар тобын анықтап, олардың осы қорға жыл сайын салатын жарна мөлшерін келісуді тапсырды.

Тоқаев "Адамдарға ақша беретін және көмектесетін кез келді деп сенемін" деді.

Тоқаев нақты ешкімнің атын атамады. Бірақ оның қажеті де шамалы.

"Қазақмыс" басшысы Владимир Ким немесе банкир Болат Өтемұратов секілді Назарбаевқа жақын адамдар оның отыз жылдық билігі кезінде миллиардтаған доллар пайда тапқаны белгілі.

Қазақстанда Назарбаевтың отбасы мүшелері де адам айтқысыз бай екенін бәрі біледі. Бұл туралы Азаттық радиосының 2020 жылғы желтоқсандағы зерттеуінде толық жазылған.

Назарбаевтың екінші қызы Динара мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтар Қазақстандағы ең бай адамдардың тізіміне енген. Олардың активі 1 миллиард доллардан асады.

Жуырдағы оқиғаға дейін Батыс баспасөзінде Қазақстан тек Назарбаев отбасына тиесілі байлық жайлы материалдарда аталатын. Атап айтқанда, олардың Еуропа, АҚШ, Дубайдағы виллалары мен сарайлары, жеке ұшақтары мен яхталары жайлы мақалаларда кездесетін.

Қазір Назарбаевтың отбасы мүшелерінің қайда екені белгісіз.

12 қаңтарда Назарбаевтың үлкен қызы, Парламент депутаты Дариға Назарбаеваның көмекшісі оның коронавирус жұқтырып, Алматыда жатқанын, парламент отырысына сол үшін қатыспағанын айтты.

Дариға Назарбаева сенат спикері кезінде жиналыс өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 13 ақпан 2020 жыл.
Дариға Назарбаева сенат спикері кезінде жиналыс өткізіп отыр. Нұр-Сұлтан, 13 ақпан 2020 жыл.

Сол күні Қырғызстандағы 24.kg веб-сайтында Назарбаевтың інісі Болат 6 қаңтарда таңертең Қырғызстанға өтіп, сол күні Бішкектен Дубайға бағыт алған ұшаққа отырғанын хабарлады.

Bellingcat тергеу бөлімі Bombardier Challenger 604 жеке ұшағының наразылықтар басталған соң екі күннен соң, 4 қаңтарда Алматыдан Женеваға ұшып кеткенін анықтады.

Bellingcat дерегінше, бұл ұшақ бұрын Еуропа елдеріне, Ресейге, Мальдив аралдарына, Дубайға барып тұрған.

Bellingcat "5 қаңтарда сағат 10 мен 11 аралығында тіркеу нөмірі мен басқа да деректері жоқ Bombardier Global 6000 ұшағы Лондонға жақын маңдағы Фарнборо әуежайына қонғанын" хабарлады. Бұл жер Ұлыбританияға барған жеке ұшақтар қонатын орын саналады.

5 қаңтарда қазақстандық екі ұшақ Қырғызстанның Манас әуежайына қонып, біреуі Дубайға, екіншісі Солтүстік Македонияға кеткен. Ұшақтар Қырғызстанда техникалық қызмет алып, жанармай құю үшін аз уақытқа ғана аялдаған.

Қазақстаннан ұшып кетіп немесе келіп жатқан жекеменшік ұшақтардың көбі Назарбаевтың отбасы мүшелері мен жақындарының елден кетіп қалғанын білдіретіндей.

Тоқаев Қазақстан билігінің Назарбаевтардың соңына түскенін ашық айтпады. Тоқаевтың тәуелсіздік алғалы "Елбасымен" жұмыс істегенін ескерсек, оған өзі ұзақ жыл қызмет еткен отбасы мүшелеріне абайлап шабуылдауға тура келеді.

Бірақ Тоқаевтың Назарбаев отбасын заңсыз табыстан айыру әрекетін қоғам қолдайды. Бұл қолдау оған бірінші президенттің көлеңкесінен шығып, өзінің үкіметін құрған кезде керек болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG