Accessibility links

Қазақстаннан ҰҚШҰ әскері шығарыла бастады


Алматыда телекоммуникация компаниясының кеңсесін күзетіп тұрған Ресей әскері. 12 қаңтар 2022 жыл.
Алматыда телекоммуникация компаниясының кеңсесін күзетіп тұрған Ресей әскері. 12 қаңтар 2022 жыл.

Ресей жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) екі мыңнан астам әскері Қазақстаннан шығарыла бастады. 13 қаңтарда Ресей тарабы осылай деп мәлімдеді. ҰҚШҰ әскері Қазақстанға жаппай тәртіпсіздіктен кейін жағдайды тұрақтандыру үшін Нұр-Сұлтанның өтінішімен елге кіргізілген болатын. Өткен аптада сұйытылған газдың қымбаттауынан туындаған наразылықтың соңы тәртіпсіздікке ұласқан еді. Тәртіпсіздік бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақтастарымен арадағы текетірестен туындады деген болжам да бар.

"Ұжымдық бітімгершілік күштері техника мен материалдық жабдықтарды Ресей Әскери-көлік авиациясының ұшақтарына тиеуге дайындала бастады. Олар тұрақты орындарына қайтарылады" делінген Ресей Қорғаныс министрлігі таратқан хабарламада.

Құрамына Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан кіретін ҰҚШҰ одағы 12 қаңтарда әскерді шығару процесі шамамен он күнге созылады деп мәлімдеген.

ҰҚШҰ әскері Қазақстанға өткен аптада кіргізілген. Шамамен бір апта бұрын Қазақстан қалаларындағы наразылықтың соңы қақтығысқа ұласқан кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтарда елде төтенше жағдай жариялап, ұйымнан әскери көмек сұраған.

Тәртіпсіздіктің салдарынан қанша адамның қаза болғаны белгісіз. Үкімет бастапқыда 164 адамның қаза болғанын хабарлаған, кейін ақпаратты жоққа шығарды.

Тоқаев наразылықтың артында төңкеріс жасамақ болған "шетелде әскери дайындықтан өткен террористер тұр" деп мәлімдеді. Алайда кейбір сарапшылар президент пен Назарбаевтың жақтастары арасында билікке талас жүріп жатыр деп санайды. Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткенмен елде саяси ықпалын сақтап қалған еді.

Тоқаев үкіметті таратып, 81 жастағы Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын қолына алды. Тоқаев сонымен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Назарбаевтың көптен бергі үзеңгілесі саналатын Кәрім Мәсімовті қызметінен босатты. Артынша Мәсімовтің "мемлекетке опасыздық жасау" және "билікті басып алу" бабы бойынша күдікке ілінгені белгілі болды. Күштік құрылымның бірқатар өкілдері де ұсталды.

Тоқаев азаматтарды елде экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге күш салатынына сендіруге тырысып келеді. Ол Ұлттық банк пен Қаржыны реттеу агенттігіне валюта нарығын тұрақтандыруды тапсырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG