Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы әлеуметтік желіде жазба жариялап, елдің бірқатар қалаларында болған тәртіпсіздіктер мен қантөгістер туралы пікірін айтты.
Әлия Назарбаева оқиғаны қайғылы жағдай деп атап, қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтты. Билік әзірге қанша адамның қаза болғанын хабарламаған.
"Мұндай қатаң сабақ тарихымызда ендігәрі қайталанбасын. Бейбіт заманда халықтың опат болғаны дұрыс емес" деп жазды Назарбаева. Ол түрлі аймақтан тұрғындардың әкесін қолдап, хабарлама жіберіп жатқанын атап өтіп, "моральдық қолдау үшін" алғыс білдірді. (13 қаңтар кешке қарай Әлия Назарбаеваның аккаунты жабылып, ондағы хабарлама көрінбей қалды).
Нұрсұлтан Назарбаев жұрт алдына 2021 жылдың 28 желтоқсанынан бері шықпаған. Әдетте елдегі маңызды мәселелерге пікірін айтып отыратын Назарбаев қаңтардағы оқиғаға байланысты пікірін білдірген жоқ. Осыған дейін бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстаннан кетпегенін, астанада екенін айтқан. Оның айтуынша, Назарбаев "бірқатар консультативтік кездесулер өткізіп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен тікелей байланыста отыр".
Тоқаев 5 қаңтарда Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алды. Наразылықтан кейін Тоқаев Назарбаев туралы бір-ақ рет айтты. 11 қаңтарда мәжіліс отырысы кезінде ол "Елбасы" тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды" деп экс-президентті айыптай сөйледі. Тоқаев Назарбаев пен айналасындағы адамдарға тиесілі делінген экономика секторларындағы жағдайды сынады. Әлия Назарбаевамен байланысты деп айтылатын утилизациялық алым жинайтын "Оператор РОП" компаниясының да жұмысын тоқтатуды тапсырып, мұнымен жеке компания емес, мемлекеттік орган айналысуы тиіс деп мәлімдеген.
Ал Телеграмдағы Qumash арнасы Әлия Назарбаева аккаунтының Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқанына назар аударады.
Экс-президенттің үлкен қызы, мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева парламенттің бірнеше отырысына қатыспаған. Көмекшілері оның коронавируспен ауырып жатқанын хабарлады.
Қазақстанда 2 қаңтарда басталған наразылық шаралары шамамен бір аптаға созылды. Оған сұйытылған газдың қымбаттауы себеп болған. Наразылар өзге талаптармен бірге отставкаға кетсе де, саяси ықпалын сақтап қалған 81 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен толық кетуін де талап еткен.
Наразылықтың соңы Қазақстанның Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған ірі тәртіпсіздікке ұласты. Жүздеген адам үкімет ғимараттарына барып кіріп, кейбірі өртенді. Сауда және қызмет көрсету орындары тоналды. Көліктер аударылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай енгізген. Билік тәртіпсіздікті ұйымдастырушылардың артында "халықаралық террористер бандасы тұр" деп мәлімдеді. Тоқаев ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрап, ізінше елге ҰҚШҰ-ның бірнеше мың солдаты кірді (13 қаңтардан бастап ҰҚШҰ әскерінің шығарыла бастайтыны хабарланған). Сарапшылар Назарбаев жақтастарымен текетірес ушыққан шақта ҰҚШҰ әскерінің арқасында Тоқаев билікті уысында сақтап қалды деп санайды.
ПІКІРЛЕР