Accessibility links

Белсенді Мұратбек Есенғазы "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен, 2 айға қамалды


Белсенді Мұратбек Есенғазы (оң жақта) Арон Атабекті жерлеу рәсімінде сөйлеп тұр. 23 қараша 2021 жыл.
Белсенді Мұратбек Есенғазы (оң жақта) Арон Атабекті жерлеу рәсімінде сөйлеп тұр. 23 қараша 2021 жыл.

Алматыдағы тергеу соты белсенді Мұратбек Есенғазыны "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен (Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-тармағы) екі айға қамады. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.

Адвокаттың сөзінше, полиция Есенғазыны 9 қаңтарда бөлімшеге шақырып, кейін қайта босатқан. Ал 12 қаңтарда қайта шақырып, тергеген. 14 қаңтарда тергеу соты оны екі айға қамау туралы шешім шығарды.

Нұрпейісов тергеу құпиясына байланысты басқа жайттарды айта алмайтынын жеткізді. Адвокат "белсенді Есенғазыны тергеу кезінде таяқ жеген" деп санайды.

"Маска киген адамдар ұрғанын айтты. Денесінде соққы іздері бар, ісіп кеткен. Осы жайтқа байланысты шағым түсірдім" деді адвокат Азаттыққа.

Белсенді Мұратбек Есенғазы осыған дейін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылған еді. Ол 2014 жылы Еуразия экономикалық одағы келісіміне қарсы бірнеше рет наразылыққа шыққан.

Есенғазы - биыл ақын диссидент Арон Атабекті (былтыр қарашаның соңында науқастанып қайтыс болды) қорғау комитетін құру жөнінде бастама көтергендердің бірі. Ол Атабек түрмеден шығып, Алматыға оралғанда жанында болып, қарайласқан еді.

Қазақстанда қаңтардағы оқиғалардан соң көптеген адам "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген күдікпен қамауға алынып жатыр.

Билік он мыңға жуық адамның ұсталғанын айтты. 500-ге жуық қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде терроризм бабы бойынша - 44 іс, жаппай тәртіпсіздік бойынша – 34 іс, адам өлтіру бабы бойынша 15 іс ашылған. 524 адам уақытша ұстау изоляторларына қамалған.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге ғана қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

15 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де мәлімдеме жасап, бас прокуратураға "жағдайды ауырлататын мән-жай болмаса, ұсталғандардың жазасын жеңілдетуді" тапсырды.

  • 2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шыққан. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар өткен. Кейін наразылыққа қарулы топтар (кей сарапшылар кландар арасындағы қақтығыс деп атайды) араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты.
  • Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты, бірақ ресми билік қанша адамның қаза болғанын әлі жарияламай отыр.
  • Қазақстанның барлық аймағына жайылған наразылық пен тәртіпсіздік кезінде жоғалған адамдар да көп.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG