15 қаңтарда Алматыда Әл-Фараби мен Қожанов көшелері қиылысындағы көпірге қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап еткен жазуы бар плакат ілген белсенді Дияр Жұмаділов ұсталды. Бұл жөнінде Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі Инстаграмдағы парақшасында хабарлады.
Ақпарат көзінің мәліметінше, Жұмаділовті сенбі күні Бостандық аудандық полиция басқармасына әкеткен.
Ізінше Адвокат Жанар Балғабаева "төтенше жағдай режимін бұзу" (476-бап 3-бөлік) бабы бойынша айыпталған белсендіге 10 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін немесе 15 күнге қамалуы ықтимал екенін хабарлады.
Бес метрлік баннерде "www.otinish.kz сайтындағы петицияға 20 мыңнан астам адам қол қойып үлгерді. Қала мен облыс әкімдерін халық сайлауы тиіс" деп орысша жазылған. (Уже 20К подписали петицию на www.otinish.kz. Мы за выборы акимов городов и областей народом) деп жазылған.
"Алматы тұрғыны ретінде Сағынтаев мырзаның әкім болғанына қарсымын, оны тиімді басқаратын жетекші деп санамаймын. Болған оқиғадан кейін оның осындай жоғары қызметте отыруына моральдық құқығы жоқ. Қазір Алматы мен ізінше Қазақстанның барлық өңірінде әкімдерді мажоритарлық жүйе бойынша, яғни тізім емес, нақты кандидат бойынша сайлау әдісін енгізетін жақсы мүмкіндік туып тұр. Халық сайлаған әкім қала игілігіне жұмыс істейді" деген Жұмаділов. Оның сөзін Қазақстанның Жастар ақпараттық қызметі келтіреді.
Бұған дейін Алматы тұрғындары қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың отставкасын талап етіп, петицияға қол жинай бастаған еді. 15 қаңтар күнгі мәлімет бойынша оған 24,6 мыңнан астам адам қол қойған.
ПІКІРЛЕР