Accessibility links

Шымкентте сот үш белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады


Шымкенттегі уақытша қабылдау орнына жиналған ұсталғандардың туыстары. 10 қаңтар 2022 жыл.
Шымкенттегі уақытша қабылдау орнына жиналған ұсталғандардың туыстары. 10 қаңтар 2022 жыл.

15 қаңтар күні Шымкент қалалық соты қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, екі айға қамалған белсенді Жанмұрат Аштаев, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досманбетованың апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы олардың қорғаушысы Мұрат Жолшиев хабарлады.

Үш белсендінің кінәсіз екенін айтқан қорғау тарабы оларды босатуды сұраған.

Адвокаттың сөзіне қарағанда, үш белсендіге 4 қаңтар күні түнде қаланың Республика көшесіндегі «Колос» аялдамасында митинг ұйымдастырып, 5 қаңтар күні қала әкімдігі жанындағы көрме орталығын қиратты деген айып тағылған.

- 4 қаңтар күні Аштаев қаладан 60 шақырым жердегі туған жері Ұзынарық ауылында болған. Досманбетова 1-5 қаңтар күні үйінен шықпаған. Сотқа екеуінің қайда болғанын дәлелдейтін куәлерді, видеоларды ұсындық. Тыңдамады, - дейді Мұрат Жолшиев.

Адвокат сот Досманбетованың көп балалы ана, балаларының екеуі кәмелет жасқа толмағандығын ескермегенін, кепілмен босатпағанын не үйқамаққа шығармағанын айтады.

Досманбетованың қызы Айжан Нәдірбек анасының «Колос» аялдамасындағы митингіге де, әкімдікте өткен наразылыққа да бармағанын айтады.

Қалалық сот Азаттыққа тергеу сотының қаулысы қаралатындықтан іс жабық өтетінін хабарлады.

Бұдан бұрын Қайрат Сұлтанбекке – "Бұзақылық" (Қылмыстық Кодекстің 293-бабы) және "Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу" (269-бап), Жанмұрат Аштаев пен Ләззат Досманбетованың 269-бабымен («Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу») күдікке ілінгені хабарланған. Қалалық тергеу соты үшеуін де екі айға қамауға санкция берген.

Үш белсендіні сот былтыр Қылмыстық кодекстің 405–бабымен ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" бабы) кінәлі деп танып, түрлі мерзімге бас бостандығын шектеген.

Бұдан бөлек, Шымкенттегі қаңтар оқиғаларына қатысы бар деген күдікпен белсенді Ерғали Құлбаев, Карима Хайдарбекова, Нұрлыбай Татаев, Нұрлан Сыздықбек, Айбек Сәбитов, Асылжан Асабаев, Молдабай Сәдібековтің ұсталғаны хабарланған. Олардың үстінен түрлі баппен қылмыстық іс қозғалған. Ақпарат анықталып жатыр.

Шымкентте 4 қаңтарда Орыс драма театрының алдына жиналған мыңдаған бейбіт тұрғын 10 шақырым жердегі қала әкімдігіне жаяу шерулетіп барған. Түн ортасынан ауғанда бір топ адам әкімдік жанындағы полиция көліктерін қирата бастаған. Наразылар таңертең тараған.

Наразылық 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні жалғасқан. Онда оқ атылып, қала әкімдігі ғимараты, Көрме орталығы, Түркістан сарайы мен қазақ драма театры бүлінген. Ондаған көлік өртенген. 120-дан аса адам жараланған. Әкімдік оқиға кезінде адам шығыны болғанын айтқанымен, олардың қанша екені туралы әлі айтылмады.

Шымкенттегі қаңтар оқиғаларына байланысты 350-ге жуық адам әкімшілік және қылмыстық іспен қамалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG