Қаңтар оқиғасында жараланып, ота жасалған семейлік Дәулет Мұқажановты ауруханадан шығарып, аудандық полиция бөлімшесіне әкеткен. Бұл туралы 17 қаңтарда Азаттық тілшісіне Мұқажановтың өзі айтты.
- Ауруханадан жаңа ғана шығарды, аудандық полиция бөлімшесіне әкетпекші. Менің отыратын арбам да жоқ, не істемек ойлары барын білмеймін. Мен отырмын, ал олар аурухана жанында көлікпен күтіп тұр, - деді Дәулет Мұқажанов Азаттыққа.
Мұқажановтың сөзінше, оқ тиіп, құлағаннан кейін оның белден төменгі жағы жансызданып қалған, катетермен отыр. Оны полиция бұған дейін де алып кетпек болған. Алайда дәрігерлер рұқсат бермеген.
- 10 қаңтарда жедел уәкілдер келіп, мені алып кетпекші болды. Дәрігер жібере алмайтындарын айтып, алып қалды. Менің белден төмен жағым сал болып қалды. Олар түсініктеме жаздырып алып, телефонымды алып кетіп қалды, - дейді Мұқажанов.
Дәулет Мұқажанов Семей қаласының әкімдігі жанындағы атыста жараланған.
"Автомат атылып, шулы граната лақтырды. Адамдар қаша жөнелді, маңайда арнайы жасақ" дейді ауруханада жатқан кезде видео жазып үлгерген Мұқажанов.
- Бір қыз құлады, мен оны көтермек болып едім сол сәтте оқ жауырынымның ортасына, омыртқама тиді. Есімді жыйсам белсенділер мені көтеріп бара жатыр екен, мен аяқ-қолымды қимылдата алмадым, бірақ олардың "есіңді жый" деген сөздерін естідім. Бізге арнайы жасақ келіп, тепкінің астына алды, менің жаралы екенімді олар байқамады. Бір әйел мені қорғамақ болып, "ағаға тиіспеңдер, оған оқ тиген" деп басымды жабуға тырысты. Бір полицей "неге үйде отырмайсың" деп, оның басынан бір тепті. Ол есінен танып қалды. Мен қатты ызаландым, бірақ қозғала алмай жата бердім, - деді Мұқажанов Азаттыққа.
Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Мұқажановтың "әлі ауруханада" екенін айтты. Ал сал болып қалған адамды полиция бөлімшесіне неге әкетіп жатыр деген сұраққа "полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жайлы нақты ақпаратыңыз болса полицияның ішкі қауіпсіздік басқармасына хабарласуға болады" деп жауап берді.
Полиция департаментінің мәліметінше, аймақта мыңнан аса адам ұсталған. Жарақаттанғандар мен көз жұмғандар туралы ақпарат бермеді.
2 қаңтарда Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық қарсылық білдіріп, кейін елдің басқа аймақтары да жұрт наразылыққа шыққан еді. Артынан наразылыққа қарулы топтар араласып, соңы тәртіпсіздікке ұласты. Тәртіпсіздіктен бейбіт тұрғындар да қаза тапты.
Бас прокуратура 15 қаңтарда жария еткен мәлімет бойынша, 225 адам көз жұмған. Қаза болғандардың көбі Алматыда - 149 адам. Құқық қорғаушылар қайтыс болғандар арасында бейбіт демонстранттар болғанын айтады.
ПІКІРЛЕР