Accessibility links

Алматы алаңында ұсталып, қаза болған азаматтың туыстары марқұмның азапталғанын айтты


Республика алаңындағы әскери техника. Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.
Республика алаңындағы әскери техника. Алматы, 7 қаңтар 2022 жыл.

Алматыда 6 қаңтарда ұсталып, белгісіз жағдайда қаза болған археолог Ерлан Жағыпаров азаптауға ұшыраған. Бұл жөнінде марқұмның бауыры Нұрлан Жағыпаров мәлімдеді.

– Біз Ерланды жоғалған күннен бері яғни, 6 қаңтардан бастап іздей бастадық. Ол сол күні досына хабарласып, өзін Ұлттық гвардия қызметкерлері ұстап әкеткенін хабарлаған. Бұл кешкі сағат 8-дер шамасы болатын. Содан бері ол байланысқа шықпаған. Ауруханалар мен мәйіттерді және ұстауы мүмкін өзге де орындардың барлығын қарап шықтық. Табылмады. Тек 12 қаңтарда ғана оның денесін мәйітханадан таптық. Онда "аты-жөні белгісіз Азия ұлтының өкілі" деп жазып қойған, қолында кісен болды. Қолдары сынған, денесі көкпеңбек. Оқ тиген жүрегі мен асқазан маңы тігілген. Бауырымды азаптаған деп ойлаймын, – деді Нұрлан Жағыпаров Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, 6 қаңтарда кешкі сағат 7 жарымдар шамасында Ерлан Жағыпаров үйіне келіп, көлігін тұраққа қойып, алаңды көруге кеткен. Ақпаратқа қарағада, Ерланды сол күні19:52-де ұстаған. Денесі мәйітханаға 7 қаңтарда сағат 13:16-да жеткізілген.

Нұрлан Жағыпаровтың айтуынша, асқазаны мен жүрегіне оқ тиген Ерланның бетінде, тізесінде дақтар болған, қолы сынған, алақаны әншейін салбырап тұрған.

"Мен процесті саясиландырмай, осындай қаныпезерлікті кім жасағанын тауып беруді сұрадым" деді Нұрлан Жағыпаров.

Ерлан Жағыпаровтың туыстары жаназаға байланысты әзірге құқық қорғау органдарына шағым түсірмеген. Олар осы аптада полицияға баратынын айтады. Олар сонымен бірге бауырының ұсталған сәтін көргендерді тергеу органдарына көмектесуге шақырған.

Өткен аптада Нұрлан Жағыпаров Facebook парақшасында бауырын осындай күйде табамын деп ешқашан ойламағанын жазған. "Оны және өзге де "аты-жөні белгісіз" адамдарды сонау 1937 жылдардағыдай мәйітхана дәлізіне тастап кеткен" деді Нұрлан Жағыпаров.

Туыстары мен айналасындағы адамдардың айтуынша, археолог Ерлан Жағыпаров 2017 жылдан бастап тәжірибелік археологияға қызығып, экспедицияларға қатыса бастаған. Зерттеушілерге көмектесіп, ежелгі тас мүсіндерінің қолды болып кетпеуіне атсалысқан. Ал Ерланның бауыры Нұрлан Жағыпаров 2014-2018 жылдары "Қазкоммерцбанктің" атқарушы директоры болған. Кейін "Халық банк" басқармасының мүшесі болған. 2019 жылдан бері шетелде тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG