Accessibility links

Мәжіліс сайлау және саяси партиялар туралы заңға енетін түзетулерді мақұлдады


19 қаңтарда мәжіліс сайлау және саяси партиялар туралы заңға енгізілетін түзетулері бар заң жобаларын мақұлдады.

Жаңа түзетулерге сәйкес, саяси партиялар мәжіліске ұсынатын кандидаттар тізімін құрастырған кезде 30 пайызын жастар мен әйелдерден бөлек, мүгедек адамдарға да орын беруі керек. Заң жобасы авторларының пікірінше, бұл "елдің неғұрлым осал және проблемалық мәселелерін шешуде осы санаттардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді".

Одан бөлек, заң жобасын қарастыру кезінде депутаттар Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының қызметіне қатысты түзетулерді ұсынған.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Vlast сайтына берген сұхбатында "Бұл редакциялық түзетулер. Бұл Қазақстан халықтары ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін президент басқарады деген бұған дейін қабылданып жарияланып қойған шешімдермен байланысты" деп түсіндірген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси реформа жүргізуге уәде беріп, бұған дейін елде соның бір қадамы ретінде бейбіт жиын өткізу, саяси партиялар мен сайлау туралы заңдар қабылдаған. Жаңа өзгерістерге сәйкес, елде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастырылған, партиялардың мәжіліске өту шегі 7 пайыздан 5-ке қысқарды, ауыл әкімдері тікелей сайланатын болған.

Билік бұл өзгертулерді "демократиялық реформа" деп сипаттаған. Ал оппозиция мен тәуелсіз құқық қорғаушылар, халықаралық сарапшылар бұл өзгертулерді заңның шектеуші қызметін сол күйі қалдырған "сырттай сылап-сипау ғана" деп сынаған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG