Accessibility links

Митинг өтеді деген күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейтілді, көшелер жабылды


Алматы әкімдігі уақытша орналасқан Алмалы әкімдігі алдындағы ахуал. Алматы, 19 қаңтар 2022 жыл.
Алматы әкімдігі уақытша орналасқан Алмалы әкімдігі алдындағы ахуал. Алматы, 19 қаңтар 2022 жыл.

19 қаңтарда митинг өтеді деген күні Алматыда қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Азаттық тілшісі сәрсенбі күні түске қарай Алматы әкімдігі уақытша орналасқан Алмалы әкімдігі маңайында полиция көліктері мен жедел жәрдем машиналары тұрғанын көрді. Бір күн бұрын қаңтардағы оқиғаға байланысты төтенше жағдай режимінен шыққан қалада полиция қызметкерлері ары-бері жүрген тұрғындардың құжаттарын тексеріп жатыр. Әкімдік маңында бірнеше автозак тұр, барлығында арнайы жасақ отыр.

Абылай хан көшесі "Нұр Отан" партиясы ғимараты орналасқан жерден бастап Гогольға дейін жабылған. "Астана" алаңы да бекітілген.

Полиция митинг өтеді деген аумақта ары-бері өткен тұрғындардың құжаттарын тексеріп жатыр. Алматы, 19 қаңтар 2022 жыл.
Полиция митинг өтеді деген аумақта ары-бері өткен тұрғындардың құжаттарын тексеріп жатыр. Алматы, 19 қаңтар 2022 жыл.

Азаттық тілшісі бұрынғы парламент ғимараты – Қазақ британ техникалық университетінің артында көп әскери қызметкерлер жүргенін де көрді. Адам таситын әскери екі көлік тұр.

Аумақта әзірге мобильді интернет бар.

Бұған дейін шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 19 қаңтарда митингіге шығуға шақырған еді.

Алматы қалалық полициясы 19 қаңтарда күндіз тұрғындарға "терроризмге қарсы операциялардың жүргізілуіне байланысты" әкімдік маңында көлік қозғалысы тоқтатылатынын хабарлады.

Билік 18 қаңтарда қалада төтенше жағдай алынғанмен "терроризм қаупі" әлі сейілмегенін мәлімдеп, Алматының "қызыл деңгейде" қалғанын хабарлаған.

Сәрсенбі күні Алматыдан бөлек, өзге қалаларда да қауіпсіздік шараларының күшейтілгені белгілі болды. Астанада әкімдік алдындағы жол жабылған. Маңайда полиция, арнайы жасақ жүрді. Екі адам Азатттық тілшісіне Әблязовтың шақыруымен митингіге келгенін, пікірлерін айтқысы келетінін жеткізді. "Бірақ бізді әкімдік жаққа қарай жібермеді" деді олар. Полиция оларды ұстауға оқталғанмен екеуі маңайдан кеткеннен кейін ұстаған жоқ.

Шымкентте де жағдай осыған ұқсас. Әкімдік маңын полицияның бірнеше көлігі әр жерден бақылаған.

(Жаңалықты әзірлеуге Әсемгүл Мұхитқызы мен Дилара Иса да үлес қосты).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG