Accessibility links

Сот Назарбаев туралы постты алып тастау туралы істі қысқартты


Марафоншы Марат Жыланбаев. 23 наурыз, 2020 жыл
Марафоншы Марат Жыланбаев. 23 наурыз, 2020 жыл

19 қаңтарда Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық соты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ар-ожданына тиді" деп сотқа тартылып жатқан марафоншы Марат Жыланбаевқа қатысты қозғалған азаматтық істі қысқартты. Әлеуметтік желідегі посты үшін "Ар-бедел" қоғамдық қоры марафоншыны былтыр сотқа берген еді.

Сот онлайн форматта өтіп, істі Алматы аудандық сотының судьясы Расул Қарағаев жүргізді. Сотқа "Ар-бедел" қоры атынан оның өкілі Владислав Дубровин қатысты. Процесс ашық болғанымен, оған Азаттық тілшісін қоспады. Марат Жыланбаев сотқа қатысуға ниет қылғандардың көп болғанын, бірақ оған тек өзі мен адвокаттары және талап-арыз иесі ғана қатыса алғанын айтты.

Спортшының адвокаты Бауыржан Азанов соттан талап-арызды заңсыз әрі негізсіз деп танып, істі қысқартуды сұрады. Ал "Ар-бедел" өкілі қысқарту туралы өтінішке наразылық білдірді.

– Қаңтардан бері Алматыда қаншама қауіпті жағдайлар болғанын көрдік. Оған қатысқан қызуқанды жастар осындай посттарды оқып, алаңға ұмтылды. Тыныштық үшін біз сотқа арыздандық. Бізге бірінші президент немесе мемлекет өкілет бермесе де, қоғамдық қор ретінде өзімізді қоғамның бір бөлігі деп санаймыз, – деді Владислав Дубровин.

Отырыс нәтижесі бойынша, судья қоғамдық қордың мұндай талап-арыз түсіруге өкілеті жоқ болғандықтан, істің қысқартылатынын мәлімдеді.

"Ар-бедел" қоғамдық қоры былтырғы сәуірден бері әлеуеметтік желілерде пікір жазып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың абыройына нұқсан келтірді, ел арасындағы наразылықты күшейтіп, билікке қарсы әрекетке үндеді деп, Қазақстандағы оннан астам белсендінің үстінен арыз берген. Қор соттан белсенділерді әлеуемттік желіден постарын өшіруді міндеттеуді талап еткен.

– Енді "Ар-беделдің" үстінен арызданамын. Себебі осы қордағы саясаттанушылар мен профессорлардың бәрін сотта көргім келеді. Оларды кім қаржыландыратыны да мені қызықтырады. Қазақстанда нағыз тәуелсіз ақпарат құралдары жоқ. Сондықтан посттарымды жазып келемін және пікір жазуды тоқтатпаймын, – деді Марат Жыланбаев.

"Ар-бедел" қорының арызы бойынша осы сияқты істер Қазақстанның түрлі аймақтарында қаралып жатыр. Бұл қор Нұрсұлтан Назарбаевтың беделіне нұқсан келтірді деген себеппен Алматы облысында тұратын белсенді Серік Құлмырза мен оның жазбасын бөліскен және "негатив" пікір жазған тағы бірнеше адамды – бас-аяғы тоғыз азаматты сотқа беріп, апелляциялық сотта жеңіп шыққан. Сот шешімі негізінде Назарбаев туралы посттар желіден өшірілген. Қор "Қазақстанның тұңғыш президенті мен мемлекеттік аппараттың абырой-беделіне нұқсан келтірді" деп сотқа шағым бергендердің арасында Өскемен қаласының тұрғыны Жұлдызай Форт та бар.

Құқық қорғаушылар белсенділерді қудалаушы ұйымды "билік құралына" балайды және демократиялық елде басшыларды сынау қалыпты жағдай болуы керек деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG