Алматыда "тәртіпсіздікке қатысы бар" адамдарды жерлеген орын табылды, деп хабарлады "Қазақпарат" агенттігі. Агенттік "терроризммен күрес операциялары" бойынша ресми ақпарат тарататын телеграм-арнаға сүйенген.
Ақпаратты Алматы қалалық полиция департаменті растады. "Тәртіпсіздікке қатысушыларды анықтауды қиындату үшін жасырын жерлеген" деді департамент өкілі Салтанат Әзірбек. Полиция мүрденің қай жерден табылғанын айтпады.
Телеграм арнасы қаза болғандарды "содыр" деп атаған. Нақты қанша адамның денесі табылғаны белгісіз.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов 16 қаңтар күнгі брифинг кезінде қаладағы мәйіттерге жеті рет шабуыл жасалғанын айтқан. Оның сөзіне қарағанда, шабуылдаушылар "кәсіби тұрғыда дайындықтан өткен". Таймерденов сол кезде олардың мәйіттерді алып кеткенін және 5 қаңтарда полиция департаменті ғимаратына да шабуыл жасағанын айтқан.
Қазақстан билігі бұған дейін елдегі жаппай наразылықтың артында "халықаралық террористер тобы" тұрғанын айтқан, алайда оған дәлел келтірілмеді.
"Қарақшылардың түнде мәйітханаға шабуыл жасап, қаза болғандардың денесін алып кеткенін" 10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Ол "қарақшылардың содырлар денесін соғыс алаңынан да алып кеткенін" жеткізген. Кейбір сарапшылар биліктің бұл мәлімдемесіне күмәнмен қараған.
Билік Қазақстанда 2 қаңтардан бері нақты не болғанын, күштік және мемлекеттік құрылымдардың әрекеті мен қаза болғандар жайлы толық ақпаратты әлі жариялаған жоқ. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 225 адам қаза болған, шамамен он мың адам ұсталған.
ПІКІРЛЕР