Accessibility links

Жаңаөзен тұрғындары Тоқаевтан қудалауды тоқтатуды талап етті


Жаңаөзен тұрғындары биліктен қудалау мен азаптауды тоқтатуды талап етіп отыр. 19 қаңтар 2022 жыл.
Жаңаөзен тұрғындары биліктен қудалау мен азаптауды тоқтатуды талап етіп отыр. 19 қаңтар 2022 жыл.

Жаңаөзен белсенділері мен қала тұрғындары әлеуметтік желілерде қаңтар басындағы билік халыққа қарсы қару қолданған Қазақстанның әр өңіріндегі бейбіт митингіден соң қудалауды тоқтатуды талап еткен видео челлендж жібере бастады.

Видеода аты-жөнін айтып таныстырған жаңаөзендіктер Қазақстан президенті Қасым- Жомарт Тоқаевтан бейбіт шеруге шыққан халықты «террористер» деп қудалауды тоқтатуды талап еткен.

«Тоқаев! Кешегі бейбіт шеруге шыққан халық террорист емес! Халық экстремист емес! Қудалауды тоқтатуды талап етемін» дейді сондай видео авторларының бірі. Азаттық тілшісі әлеуметтік желіде тарап жатқан осындай кемінде оннан астам видеоны көрді.

Осы апта ортасында Жаңаөзенде бір топ жаңаөзендік белсенді бір мал садақа шалып, қаңтар қантөгісінде құрбан болғандар рухына құран бағыштаған. Ол кезде де тұрғындар Алматы мен өзге өңірлердегі азаптаулар мен қудалаулар туралы білдірген пікірлерін әлеуметтік желіде таратты.

– Біз ұрыс болсын, соғыс болсын деп шыққан жоқпыз. Билік халыққа қарамай кетті. Кейін бейбіт шеруге шыққандарды атқан. Халық болмаса кімсіңдер сендер? Қамауда жатқандарды тез шығарып, ауырғандарын емдеп, ата- анасының қасына апарып қосыңдар! - деді 2011 жылы алаңда жеті ай ереуілдеген мұнайшылардың бірі Жаңбыр Ерғазиев.

Видеода оның сөзін жиналғандар қоштап «репрессия тоқтатылсын!» деп айқайлағаны көрінеді.

2 қаңтарда Жаңаөзен тұрғындары екі есеге қымбаттаған сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп митингіге шықты. Сол күні оларды Ақтау тұрғындары қолдап, кейін Жаңаөзенді қолдаған бейбіт акциялар Қазақстанның өзге өңірлеріне тараған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай режимін жариялап, күштік құрылымдарға ескертусіз оқ атуға бұйрық берген.

Билік қаңтар оқиғасының салдарынан кемінде 227 адамның қаза болғанын хабарлады. Бірақ қаза тапқандардың аты-жөні жарияланбады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаза болғандар, жараланғандар және ұсталғандар арасында қылмыс жасамаған тұрғындар бар. Оқ тиген адамдар арасында әйелдер мен балалар, наразылыққа еш қатысы жоқ тұрғындар бар екені белгілі болды.

Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар билікті бейбіт шеруге қатысқан, пікірін айту құқығын жүзеге асырғысы келген азаматтарды қудаламауға, оларды дереу босатуға шақырған.

Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігінің халыққа күш қолдануын айыптап, Еуропарламент қаңтар оқиғасы бойынша қарар қабылдады. Оның ішінде құқық қорғау ұйымдарды саяси себеппен қудамалау, адамдардың бейбіт жиналуына кедергі келтірмеу, жосықсыз ұстау мен азаптауды доғару, адам құқығына қарсы қылмыстарға жауаптыларға жеке санкция салу секілді талаптар бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG