Көптен бері жұрт алдына шықпай кеткен Назарбаевтың осы аптадағы видеомәлімдемесі нені білдіреді? Қазақстанда Назарбаевтың жеке басына табыну жойыла бастады ма? «Ескі жүйенің өнімі» Тоқаев саяси реформаларды іске асыра ала ма? Қазақстандағы оқиғалардан соң Қытайдың аймақтағы ықпалы қалай өзгереді? Батыс басылымдары бұл аптада осы сұрақтарға жауап іздеді.
ТОҚАЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВ ТОБЫНЫҢ «САУДАСЫ» ЖӘНЕ БИЛІК ПЕН РЕСУРС ҮШІН ТАЛАС
«Халықтың жаппай наразылығынан қорқып қалған билік Назарбаевтың жеке басына табынушылықты жоюға кірісті». Eurasianet.org басылымына шыққан мақалада осылай делінеді.
Көзі тірісінде ескерткіш қойылып, мектеп, университет, көше, әуежай мен астанаға есімі берілген Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада жаппай митингілерден кейін алғаш рет видеомәлімдеме жасап, өзінің жеңілісін мойындағандай болды. Басылым ендігі жерде Назарбаев дәуірі мен жеке басына табыну аяқталғанын бірнеше нәрседен байқауға болады деп санайды.
Мысалы, парламенттің төменгі палатасы Назарбаевты Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төраға болу құқығынан айыратын заң жобасын мақұлдағанда, мәжіліс депутаты Қанат Нұров бұл органдарға төрағалық ету енді тұлғаға байланбайтынын, лауазым бойынша президентке берілгенін қадап жазған.
Қарай отырыңыз: "Назарбаевтың күні батып барады". Депутаттар "Елбасы" заңын өзгертті (20 қаңтар 2022 жыл).
Eurasianet Нуров та, басқа депутаттар да бірнеше апта бұрын ғана бұлай қымсынбай пікір білдіруден және мұндай жүгенсіздіктен аяқ тартар еді дейді.
Талдықорғандағы наразылық кезінде шерушілердің Назарбаев ескерткішін құлатуы мен Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталғанда экс-президенттің аты берілген көшеде Назарбаев фамилиясы жазылған тақтайшаларды алып тастауды да басылым жеке басқа табынудың жойылу белгісі ретінде атаған.
«Нұр-Сұлтан» атауын астанаға беруді өзі ұсынғанына қарамастан, Тоқаев та соңғы кездері бұл қаланы тек «астана» деп жүр. Оны былай қойғанда Назарбаевтың өзі де видеомәлімдемеде бас қаланы «астана» деген.
Назарбаев пен оның отбасы мүшелерін қылмыстық қудалаудан қорғайтын заңның күшін жою мен Нұр-Сұлтан қаласына бұрынғы астана атауын қайта беруді талап еткен петицияларды да автор халықтан шыққан, төменнен жасалып жатқан «назарбаевсыздандыру әрекеті» деп атайды.
Басылым бұл қатарға Назарбаевтың туыстары мен жақындарын қызметтен кетіруді де жатқызады. Мұндай өзгерістер біреулерді жігерлендірсе де, «Назарбаевтың жеке басына табынуды жою шынайы өзгерістерге әкеледі дегенге күмәнмен қарайтындар бар».
Автор Назарбаев видеомәлімдемеде «элитааралық қақтығыс жоқ» десе де, шын мәнінде сахна сыртында қызмет пен ақшаға талас жүріп жатыр деп түйіндейді.
Британдық Guardian басылымы да Назарбаевтың жеке басына табыну жойылып жатқанына назар аударған. АҚШ-тағы сарапшы Александр Кули басылымға берген пікірінде «Назарбаев халық шынында да өзінің жеке басына табынатынына сенді. 30 жыл бойы қоғамнан оқшаулану осындай әсер қалыптастыруы мүмкін» дейді.
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев «қазақ қоғамының алдындағы өз имиджінің қамын жеген экс-президент елдегі көңіл күйді мүлде жете білмегенін» келтіреді.
«Видеода біз жеңіліс тапқан, шаршаған адамды көрдік... Қазір Тоқаев пен Назарбаев тобы арасында келіссөздер мен ресурстар, билік пен Назарбаевтың мұрасы жөнінде сауда жүріп жатыр», − дейді Сәтпаев.
Сәтпаевтың айтуынша, Назарбаевтың видеомәлімдемесі қазіргі және бұрынғы президенттің арасындағы текетіресті емес, ымыраға келгенін меңзейді. Бірақ өзінен реформа күткен халықтың көңілін табу үшін Тоқаев Назарбаевтан алшақтауы керек.
«ЕСКІ ЖҮЙЕНІҢ ӨНІМІ» ЖӘНЕ НАЗАРБАЕВ ДӘУІРІНЕН ҚАЛҒАН ӘДЕТ
Қаңтар оқиғаларынан кейін билікті қолына алған Тоқаев әлеуметтік-экономикалық бағыттағы реформаларды айқын белгілесе де, саяси реформалардың бағыты әзірге анық емес. Foreign Affairs басылымындағы талдауда Гарвард университетінің Ресей және Еуразияны зерттеу жөніндегі Дэвис орталығының аға ғылыми қызметкері Наргиз Касенова осындай пікір білдіреді.
Автордың жазуынша, елдегі табыс әділетсіз бөлінгенін, экономикалық пайдаға ат төбеліндей ғана топтың кенелгенін мойындаған Тоқаев әл-ауқаты жалпыға ортақ мемлекет құрғысы келеді. Оның осы бағытта көтерген бастамалары наразылардың үні президенттің құлағына жеткенін, көшеде айтылған талаптарға мән беретінін көрсетеді.
Видео: "Тоқаев елдегі жағдайдың нашарлығын мойындауға мәжбүр болды" (21 қаңтар 2022 жыл).
Алайда Тоқаевтың саяси реформалар бойынша бағыты түсініксіз. «Үмітпен қарайтын жұрт Тоқаев Назарбаев дәуіріндегі жиренішті элементтерден құтылады десе де, саяси жүйе негізінен сол қалпында қалып отыр. Тоқаев бұдан бұрын мемлекет пен халық арасындағы коммуникация мен сенімді жақсартқысы келген, бірақ оның бәрі құр сөз болып қалды».
Сарапшының айтуынша, Тоқаевтың ҰҚШҰ әскерін елге шақыруы көп адамның алаңдаушылығын туғызды, кейбірі тіпті мұны сатқындық деп те бағалаған. Жұрт бұл Ресеймен шекарас Қазақстанның солтүстік облыстарына территориялық талап қойған неоимпериалистерге күш береді деп есептейді. Сондықтан Тоқаев халықтың осы алаңдаушылығымен бетпе-бет келеді.
«Бірақ Тоқаев бәрібір ескі жүйенің өнімі қалпында қалып отыр. Оның үкіметі уәде етілген реформаларларды іске асыра алмай, Назарбаев дәуіріндегі әдеттерден әрі аса алмай отыр».
«ХАОСТЫ ПАЙДАЛАНАТЫН РЕСЕЙ» ЖӘНЕ «АУТСАЙДЕР ҚЫТАЙ»
Қазақстандағы оқиғалар кезінде Қытайдың әрекетін талдаған британдық Financial Times басылымы Қытайдың «шет мемлекеттердің ішкі ісіне араласпаймыз» деген мантрасы Пекиннің әлемдегі ықпалы мен мүддесін қорғау саясатына қайшы келе бастағанын жазады.
Қытай Қазақстанның ірі сауда серіктесі әрі көлемді инвестиция құйған ел. Бірақ Қазақстандағы оқиғалар тәртіпсіздікке ұласқанда бастапқы кезеңде Пекин шетте қалып, абдырап қалғандай көрінді. Бір аптадан кейін ғана Қытайдың сыртқы істер министрі Қазақстанмен «құқық қорғау және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты арттыруға және сыртқы күштерге қарсы тұруға» көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Пекин қауіпсіздік саласында көмек ұсынғанын, бірақ ҰҚШҰ-дан басқа елдерден әскер қабылдауға құқықтық негіз болмағанын мәлімдеген.
FT-дің жазуынша, Қытайдағы кейбір сарапшылар Пекин Қазақстанда анағұрлым белсенді рөл атқара алады деп есептейді. Мысалы, Шанхайдағы Фудан университетінің профессоры Шэнь И басылымға Қытай ел ішіндегі тұрақтылықты сақтап қана қоймай, өзге елдерге қауіп-қатер бетін қайтаруға көмектесетін жаңа стратегиялық міндетті басшылыққа алуы керек деген пікір білдірген.
Шығыс Қытай педагогикалық университетінде Ресей мен Орталық Азия бойынша сарапшы Чжань Синьнің айтуынша, кейбіреулер Қазақстандағы дағдарысты пайдаланып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің маңызын, ал Қытай аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ете алуға қабілетті екенін көрсетуі керек деп есептейді. Бірақ Чжанның айтуынша, Қытай Ресей тәрізді «әскери қалпақ» киіп, әрекет етуге дайын емес.
Ал Diplomat басылымы Қазақстандағы дағдарыстан кейін Қытай Орталық Азиядағы ықпалын қайта сүзгіден өткізетінін жазады.
Мәскеу мен Пекиннің Орталық Азиядағы міндеттерді бөлісу қисынына сәйкес, Ресей қауіпсіздікке, ал Қытай экономикаға жауап береді. Diplomat өз талдауында Қазақстандағы оқиғалар кезінде екі алпауыт ел де ештеңеден ұтылмағанын келтіреді. Биліктің Тоқаевқа өтуі Қазақстанның Қытай тауарлары мен инвестициясына қызығушылығы азаймайды. Ресей ҰҚШҰ әскерін жіберу арқылы аймақтағы «қауіпсіздікті қорғаушы» ретіндегі беделін бекіте түсті. Тоқаевтың Назарбаевтың кланын тактикалық тұрғыдан жеңуге Мәскеу көмектесті.
Алайда соңғы оқиғалар кезінде Ресей белсенді ойыншы ретінде көрінсе, Қытай оқиғаның артын күтіп, кідіріп қалды. Басылым Қазақстандағы дағдарыс шешімі элита саясатына келіп тірелді, ал Қытай бұл ретте аутсайдер, элитааралық жағдайдан хабарсыз дейді.
Мақалада Қытай басшысы Си Цзиньпин Тоқаевқа ҰҚШҰ әскері кіргеннен бір күннен соң ауызша хабар жолдағаны, Пекин бұл әрекетке ең жоғарыдан, тіпті Тоқаевтың өзінен ең соңғы ақпаратты алып тұру үшін барғаны түсіндіріледі. Бірақ жеме-жемге келгенде Қытай елшісі Чжан Сяо сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Тілеубердімен ғана тілдесе алған.
Автордың айтуынша, Қытайдың Қазақстандағы ішкі күштердің күресі мен күштердің арасалмағы қалай өзгеріп жатқанынан толыққанды түсінігі болмаған. Бұған бір жағынан ақпараттың қолжетімсіздігі себеп болса, екінші жағынан Қытай дипломаттары өздерін сыртқы әлемнен оқшаулап, шынайы жағдайдан хабарсыз қалған. Қытай елшілігінің қызметкерлері өздеріне адал, тек қана қытайшыл көзқарасты ғана жеткізетін, бірақ елдегі ахуалды білмейтін адамдармен ғана байланысып отырған.
Осы себепті Қытай Қазақстандағы оқиғалар кезінде саяси, бизнес және әскери элитамен байланысы бар Ресеймен салыстырғанда ақпараттық вакуумда қалып, дер кезінде хабардар бола алмағаны заңды, осының кесірінен Пекин елдегі билік ішіндегі процестерді болжай алмады.
«Қазақстанда Тоқаев іске асыратын реформалардың бұлыңғырлығы және Назарбаев айналасындағылармен саудаласуға байланысты тұрақсыздық сақталып отыр. Ресейде оған Орталық Азияда басымдық беруі мүмкін құпия ақпарат болуы мүмкін. Алайда Мәскеудің оны Қытаймен бөлісуі екіталай».
Автордың айтуынша, Қазақстандағы соңғы оқиғаларды Қытай сарапшылары жан-жақты талқылап жатыр. COVID-19-дан кейінгі дәуірдегі саясат туралы жазған Қытайдың қазіргі халықаралық институтының президенті Юань Пэн Ресей болашақтағы қадамдарын жоспарлау үшін хаосты пайдаланатынын келтірген. Бұдан Қытайда әзірге мұндай құралдар мен қабілет жоқ деген қорытынды жасауға болады».
Мақалада қалай болғанда да әлемдегі трансформация дәуірінде Орталық Азиядағы экономикалық және қауіпсіздік міндеттерді Қытай мен Ресейдің бөлісуі ескірді дейді. Мәскеу мен Қытай аймақта бірігіп әрекет етудің жаңа үлгісін іздеуге, ал кей жағдайда бір-бірінен дербес әрекет етуге мәжбүр болады.
ПІКІРЛЕР